«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматы облысында республикалық жекеменшік балабақша ұйымдарының тамыз форумы өтті

2023 жылғы 31 Тамыз
- Алматы облысы
6311 просмотров

«Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудағы жаңа бағыт» республикалық жекеменшік балабақша ұйымдарының тамыз форумы Қаскелен қаласында орналасқан Сулейман Демирель Университетінде өтті.

Форум «BILIM INVEST» білім беру саласындағы инвесторлардың ұлттық қауымдастығы және «MÁŃGlLIK EL JASTARY» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті. «BILIM INVEST» қауымдастығының вице-президенті Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасына қарасты өңірлік Кеңестің мүшесі Кулянда Батырбекова болып табылады.

Шараға Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, білім саласындағы сарапшылар мен қоғам қайраткерлері, ұстаздар қауымы қатысты. Сондай-ақ, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасына қарасты кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңес мүшелері шақырылды.

Форум барысында жаңа 2023-2024 оқу жылы қарсаңындағы өзгерістер мен жаңалықтар талқыланып, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқу үдерісіне арналған заманауи бағдарламалар мен әдістемелік нұсқаулықтардың таныстырылымы өтті.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының салаларды дамыту жөніндегі басқарушы директоры  Ержан Дуйсекенов өз сөзінде мектепке дейінгі білім беру мен тамыз форумының маңыздылығын атап өтті.

«Мектепке дейінгі білім беру — бұл жалпы мәдени, ұлттық құндылықтар негізінде балалардың үйлесімді дамуы, баланы жалпы орта білім берудің бастауыш сатысына дайындау, қоғамдық өмірге белсенді қатысу үшін қажетті жағдайлар жасау», - деп түйіндеді Ержан Дуйсекенов.

Айта кетейік, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасында 9 салалық Кеңес құрылған, соның бірі - білім жөніндегі салалық Кеңес. Кеңес мүшелері саладағы түйткілді мәселелерді көтеріп, палатаның көмегімен шешуге тырысады.

Сонымен қатар, шара аясында құрылтайшылар, әдіскерлер мен тәрбиешілерге арналған арнайы семинар сабақтар ұйымдастырылды. Сабақтарды мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру бойынша республикалық эксперт мамандар жүргізді.

Барлық қатысушылар жаңа оқу жылындағы тың жаңалықтар мен өзгерістер туралы ақпарат алып, тәжірибе алмаса алды. 300-ге жуық маманның қаржы сауаттылығы арттырылып, кәсіби біліктіліктері шыңдалды. Одан бөлек, білім беру саласына қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкерге облыстық Білім басқармасының алғыс хаттары табысталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер