«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Несие беруді шектейтін заң: қарыз алушылар үшін не өзгереді

2024 жылғы 24 Мамыр
8579 просмотров

 Халыққа несие беруді шектейтін заңды қабылдау жоспарланып отыр. Жаңа заң жобасы кейбір бөлімдерін жетілдіру үшін ҚР Парламенті Мәжілісіне қайтарылды.

 23 мамырда Сенат депутаттарының жалпы отырысында күн тәртібінде азаматтардың мүддесін қорғауды қамтамасыз ету және халықтың несие тәуекелдерін азайтуға бағытталған мәселе қаралды. Атап айтқанда, несие беру кезінде тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқығын қорғау, қаржы нарығы және атқарушылық іс жүргізуді реттеуді жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасы қабылданбақ. Жыл басынан бері қаралып жатқан құжат өзгеріске ұшырады. Өзгерістер ішінде – банктер мен микроқаржы ұйымдарына 90 күннен астам төленбеген берешегі бар қазақстандықтарға кепілсіз тұтынушылық несие беруге тыйым салу бар. Бұл бірінші өзгеріс.

Екінші: несие беруде жиілеп кеткен алаяқтық әрекеттерді азайту мақсатында клиентті биометриялық сәйкестендіруді жүргізбей электрон банктік қарыз беруге тыйым салынатын болады. Бұл шара онлайн-микронесиелеу секторына әсер етеді. Алаяқтардың несиені бір мезгілде ресімдеуге жол бермеу үшін банктер нақты уақыт режимінде осындай өтінімдер бойынша мәліметтерді кредиттік бюроға беруге міндеттенеді.

Үшінші. Ломбард қызметінің ерекшелігін ескере отырып, ломбардпен келісімшарт жасасу кезінде несие алудан ерікті түрде бас тартуға байланысты нормалар ретке келтірілетін болады.

Төртінші. Түзетулер мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарды да қамтиды. Әскерилерді қолдау үшін банктік қарыздар мен микронесие бойынша сыйақы есептемей төлем мерзімін 60 күнге автомат түрде кейінге қалдыру көзделеді. Бұл ретте осы түзетумен ипотекалық келісімшарттар, кепіл, жылжымалы және жылжымайтын мүлік келісімшарттары бойынша қосымша келісімдер жасасу жөніндегі жекелеген талаптарды оларға таратпау ұсынылады.

Бесінші түзету банк және микроқаржы омбудсмендерінің қызметіне қатысты. Ұлттық банк қызметкерлерін Өкілдер кеңесіне қосу себебінен омбудсмендер үшін сайлау кезінде жаңа талаптар пайда болады. Коллекторлар жеке тұлғалардың сатып алынған несиесі бойынша берешекті реттеу рәсімдерін жүргізуге, сондай-ақ олардың есептелген және төленбеген сыйақысын есептен шығаруға міндеттенеді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметін қаржыландыруға да өзгерістер енгізіледі. Енді агенттік республикалық бюджеттен Ұлттық Банктің бюджетіне көшірілетін болады. Бұдан басқа, «электрон банктік қарыз» жаңа ұғымды енгізу алынып тасталады. Өйткені бұл ұғым қолданыстағы заңнаманың тиісті нормаларында бар. Заң жобасында заң техникасын сақтау қажеттілігіне байланысты түзетулер де бар.

 Сенат депутаттары жоғарыда аталған өзгерістерге дауыс бере отырып, жаңа редакциядағы ұсыныстарды ҚР Парламенті Мәжілісіне қайтарды.

Айта кетейік, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары да заң жобасын әзірлеуге қатысып, жұмыс тобының құрамында болды. Депутаттарға бизнес ұсыныстарын жеткізіп, оларды қаржы реттеушілерімен талқылады.

 Осылайша, қазақстандықтарды шамадан тыс несиелендіру мәселесін шешуге бағытталған заң жобасын Мәжіліс депутаттары осы жылдың 20 наурызында екінші оқылымда қабылдады. Алайда, Сенат депутаттарының несие алу талаптарын күшейтетін жобаға ұсыныстары болды. Олар мақұлданғаннан кейін заң Мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер