«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Адал жер пайдаланушылардың құқықтарын қорғау

2024 жылғы 10 Желтоқсан
- Алматы облысы
968 просмотров

Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңесінің кезекті отырысына Алматы облысы прокурорының аға көмекшісі Важитов Т., Алматы облысы бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Департаментінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) алдын алу басқармасының бастығы Амирханов Е., Алматы облысы мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Отар О., «ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті» РММ басшысының орынбасары Копдикбаев Б., ҚР Үкіметінің Алматы облысы бойынша заңды статистика және арнайы есеп комитеті департаментінің азаматтық және әкімшілік саласындағы заңды ақпарат қалыптастыру бөлімінің басшысы Джумабаев О. және басқа да мемлекеттік және жергілікті органдардың өкілдері қатысты.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер жөніндегі директорының орынбасары Еркін Майлыбайұлы «ТалғарТехСтройСервис» ЖШС-нің бас директоры Талғатбек Әсеттің кандидатурасын Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңес төрағасының қызметіне ұсынылды. Пікірталас пен бірауыздан дауыс берудден кейін Талғатбек Әсет бұл лауазымға сайланды және ол өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етуге дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар, отырыста ауыл шаруашылығына арналған жер учаскелеріне қатысты сот талаптарының заңдылығын талдау және адал жер пайдаланушылардың құқықтарын қорғау мәселелері де қаралды. Отырыс барысында Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Е. Тұрдалиевтің баяндамасы тыңдалды. Баяндама ескеріліп, тиісті жұмыстар атқарылатыны мәлімденді.

Отырыстың негізгі шешімі ҚР Бас прокурорының орынбасары Ж. Умиралиевтің (№2-01-24/94500, 26.11.2024 ж.) және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары С. Жұманғариннің (№ПР-31749, 27.11.2024 ж.) тапсырмаларын, сондай-ақ мемлекет басшысы мен Үкіметтің ауыл шаруашылығына арналған жер учаскелерін беру туралы жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) шешімдерін жойып жіберу тәжірибесін тоқтату жөніндегі тапсырмаларын (18.11.2024 ж.) орындау туралы кеңестің тапсырмасына жауап ретінде қабылданды.

Осыған байланысты Алматы облысы Жер ресурстарын басқару департаментіне мыналар тапсырылды:

  • Ауыл шаруашылығына арналған жер учаскелеріне қатысты бұрын берілген, заңдылықты белгілейтін құжаттардың жарамсыздығы туралы барлық талаптарды қайтарып алу. Бұл Департамент және аудандық жер қатынастары бөлімдері берген және сотта қаралып жатқан талаптарға қатысты. Тек адал жер иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтарын реттейтін арнайы комиссияның ережесі бекітілгеннен кейін ғана ерекше жағдайлар қарастырылуы мүмкін.
  • Болашақта сотқа талаптарды тек аумақтық прокуратура органдарымен келісіп беру.

Бұл шешімнің жылдам және тиімді орындалуын қамтамасыз ету үшін Алматы облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына үйлестіруші ретінде тапсырмаларды орындау қажеттілігі туралы ақпаратты аудандық және қалалық жер қатынастары бөлімдеріне дереу жеткізу тапсырылды.

Қабылданған шешімдер ауыл шаруашылығына арналған жерлердің адал иелері мен пайдаланушыларының құқықтарын қорғауға және Алматы облысының жер саласындағы заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған. Бұл шаралар өңірдегі жер қатынастарының әділ жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер