«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Монополияға қарсы саясат: бизнес-қауымдастық пен реттеушілер арасындағы диалог

2024 жылғы 12 Желтоқсан
2721 просмотров

Maqsut Narikbayev University қабырғасында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «MSB Partners» адвокаттық кеңсесімен бірлесіп ұйымдастырған ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, ҚР Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы, Maqsut Narikbayev University өкілдерінің және Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің қатысуымен бәсекелестікті қорғау және дамыту бойынша дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараны ашқан «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов мұндай кездесулердің маңызы – тараптар ашық талқылауға түсіп, объективті шешімдер қабылдау үшін өз ұстанымын жеткізетінін атап өтті.

 

Шараның басты тақырыбы монополияға қарсы заңнамадағы жоспарланған өзгерістерді және оны бәсекелестікті қорғау саласында қолдану практикасын талқылау болды. Қатысушылар кәсіпкерлердің мүдделерін қорғап, заңнамалық новеллаларды талдады және қолданыстағы нормаларды қолданудағы тәжірибелерімен бөлісті.

Мұндай әртараптандырылған контингент бизнестің, реттеушілердің және ғылыми қауымдастықтың көзқарасын біріктіре отырып, талқыланатын мәселелерге кешенді пікір білдіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Бірінші сессияда ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бастамасымен бәсекелестік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу талқыланды.

Түрлі заңнамалық актілерге 162 түзету енгізуді көздейтін құжат бизнес өкілдері арасында алаңдаушылық тудырды. Қатысушылардың пікірінше, ұсынылған көптеген өзгерістер кәсіпкерлердің қызметін едәуір қиындатады.

Бірінші сессияның модераторы Басқарушы директор - Бәсекелестікті дамыту және тариф белгілеу департаментінің директоры Мұрат Оспанов негізгі новеллалар арасында ұжымдық талап қою институтын енгізу бойынша ұсыныстар талқыланғанын атап өтті. Монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактілері анықталған жағдайда, кәсіпкерлерге әкімшілік айыппұл салудан басқа (монополистік қызмет нәтижесінде алынған табыстың 3-5%), сондай-ақ монополиялық табыстың өзін тәркілеуден бөлек, тұтынушылар алдында азаматтық жауапкершілік те көзделеді.

Бұл бизнес-қауымдастық өкілдерінің пікірінше, жазалардың пропорционалдылығына күмән келтіріп қана қоймай, жалпы Конституцияға қайшы келеді (бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайды).

Бұдан бөлек, мемлекеттік орган монополияға қарсы орган жанындағы Келісу комиссиясын жоюды ұсынады. Бұл негізінен, кәсіпкерлерге сотқа дейінгі тәртіпте өз ұстанымдарын қорғауға мүмкіндік берген болатын. Ал оның болмауы кәсіпкерлерді қорғау мүмкіндіктерін шектейді.

Сондай-ақ мемлекеттік органдардың экономикалық шоғырлануға байланысты мәмілелерді, жекелеген нарықтардағы бағаны реттеу жөніндегі бастамаларды қосымша келісуді енгізу туралы ұсынысы да дау тудыратыны айтылды. Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, бұл шаралар инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді және кәсіпкерлік еркіндігінің Конституциялық қағидаттарына қайшы келеді.

Екінші сессияда монополияға қарсы істерге байланысты құқық қолдану практикасы талқыланды. Атап айтқанда, бизнес-қауымдастықтың алаңдаушылығы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бұйрықтарына шағымдану олардың қолданылуын тоқтатпайтындығына байланысты болды.

Іс жүзінде бұл бизнестің оларды негізсіз деп санауына болса да, тексерулер жалғасатынын білдіреді. Мұндай жағдай айтарлықтай айыппұлдар (шамамен 5 млн теңге) қаупімен сұратылған ақпаратты беруге мәжбүр болған кәсіпкерлерге қысымды күшейтеді.

Екіншіден, монополияға қарсы орган ұсынған дәлелдемелерді бағалауда бірыңғай сот практикасының болмауы мәселесі айтылды. Сот органдары көбінесе тергеу сатысында БҚДА әрекеттерінің заңдылығын қарастырудан бас тартады. Бұл бизнестің қорғаныс құқығын шектейді және жүйеге деген сенімсіздікті күшейтеді.

Үшіншіден, заңнамадан БҚДА қорытындыларына сот тәртібімен шағымдану мүмкіндігін алып тастау атап өтілді. Сондай-ақ, бұл бизнес субъектілері өз құқықтарын алғашқы сатыда қорғай алмай, тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық қудалау қаупіне ұшырайтын жағдайға әкелуі мүмкін.

Бизнес спикерлері монополияға қарсы органның қалыптасқан құқық қолдану практикасы мен шамадан тыс өкілеттіктері бизнес пен реттеуші арасындағы қарым-қатынаста теңгерімсіздік тудыратынын жеткізді. Реформалар әділеттілікті қалпына келтіруге, сот қорғауындағы кедергілерді жоюға және кәсіпкерлердің реттеу жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталуы керек екендігі атап өтілді.

Жалпы, бүгінгі дөңгелек үстел монополияға қарсы реттеу және онымен байланысты мәселелерде бизнес-қауымдастықтың көзқарасын жеткізді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз кезегінде мемлекеттік органдармен ашық диалог жүргізуге және осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға дайын екендігін айта кетейік.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер