Тарифтік қарама-қайшылық: «Атамекен» ҰКП Үкіметпен бірлесіп бизнестен сигнал жинау жүйесін іске қосады
Сарапшылардың пайымы бойынша, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда текетіресін қоса алғанда, әлемдік экономикадағы ағымдағы үрдістер алдағы уақытта Қазақстанда да көрініс табуы мүмкін.
Әлемдік экономиканың тұрақсыздығы және сыртқы саяси факторлардың ішкі нарыққа ықпалының күшеюі аясында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-қауымдастық сигналы негізінде ерте әрекет ету тетігін енгізуде. Дағдарыс құбылыстарының алғашқы көріністеріне тап болған нарық қатысушыларынан дерек жинау бүгіннен басталады.
Бұл шешім ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында айтылды. Кездесу аясында Қазақстан экономикасының алдында тұрған негізгі сын-қатерлер: сауда соғыстары, санкциялық шектеулер және жаһандық нарықтағы тұрақсыздық талқыланды. Сарапшылардың пайымы бойынша, бұл процестердің алғашқы елеулі салдары алдағы бір жарым айда Қазақстан экономикасына әсер етуі мүмкін. «Атамекен» ҰКП қабылдаған шаралар барынша дәл әрі уақтылы шешімдер әзірлеуге ықпал ететін болады.
Бизнестің көңіл-күйіне жедел мониторинг бірнеше көздерден: бизнес-қауымдастық Өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен салалық қауымдастықтар арқылы тұрақты негізде жүргізілетін болады. «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов атап өткендей, қазіргі жағдайда барлық тараптардың үйлесімді әрі жедел өзара іс-қимылын жолға қою зор маңызға ие.
«Күнделікті негізде өңірлермен байланыс орнаттық. Сондықтан біз «бір сәтте» проблемаларды жинап, оларды Ұлттық палатаның бірыңғай платформасы – Бизнестің цифрлық картасында құрылымдауды жоспарлап отырмыз. Кез келген белгі ерте кезеңде өңделетін болады», - деп атап өтті Р. Баталов.
Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин өздері қадағалайтын макроэкономикалық индикаторлар мен бюджеттік параметрлерден бөлек, Үкіметке экономиканың нақты секторынан, мәселен, қоймалардағы тауарбастылық не логистикадағы іркіліс секілді кенеттен туындаған мәселелер бойынша жедел ақпарат қажет екенін атап өтті.
«Әр саланың өз маркерлері бар, олар алдағы орын алуы мүмкін қиындықтарды көрсетіп отырады. Бұл сигналдар Үкіметке дер кезінде зардаптар жүйелі болғанға дейін уақтылы жетуі тиіс», - деп атап өтті С. Жұманғарин.
Ол сондай-ақ экономикалық күн тәртібінің қатаңдатылуына қарамастан, инфрақұрылымдық нысандар, энергетикалық жобалар және тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қысқарту жоспарланбағанын, себебі дәл осы бағыттар экономика үшін мультипликативтік әсерді қамтамасыз ететінін айтты.
Қазақстанның экспорттық құрылымының осалдығына белгілі экономист, Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Құлекеев назар аударды. Барлық экспорттың шамамен 80% тек он тауар позициясымен қалыптасады. Оның айтуынша, жыл басында экспорт көлемі 12%-ға, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 2,5 млрд долларға төмендеген. Мұндай жағдайға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
«Әлемдік экономиканың тұрақсыздығы мен өсімнің 2%-ға баяулауы күтілетін Қытайдағы белгісіздік жағдайында біздің бизнес үшін тәуекелдер тек күшейе түсуде. Шамамен екі айдан кейін еліміз жаһандық құбылмалылықтың салдарын сезіне бастауы ықтимал. Сауда-экономикалық қызметті жүзеге асыратын мыңдаған кәсіпкер бәрінен бұрын қиындықтарға тап болуы мүмкін», - деп атап өтті спикер.
Бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылының бірыңғай тетігін құру бастамасын кездесуге қатысқан 100-ден астам кәсіпкер қолдады. Мәселен, «Қазақстанның электрлімашина құрастыру Қауымдастығы» ЗТБ басшысы Ғалым Болатовтың айтуынша, санкцияларға байланысты қазақстандық өндірушілер валюталық түсімді есептеу кезінде қиындықтарға тап болады. «Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығы» ЗТБ президенті Виктор Микрюков Қытайдан арзан өнімнің ықтимал ағынына алаңдаушылық білдіріп, мемлекеттен отандық өндірушілерді қорғауды сұрады. «Қазмырыш» ЖШС Бас директоры Жанат Жанботин кедендегі «қызыл дәлізге» байланысты проблемалар туралы айтып, бұл тауарлардың қозғалысын қиындататынын жеткізді.
Еліміздің бизнес-секторынан алынған барлық деректер нақты уақыт режимінде ақпарат жинауға арналған арнайы формулярда қалыптастырылатын болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: