«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» мен «Парыз»: Қазақстанның еңбек әлеуетін дамытуға бірлескен қадам

2025 жылғы 27 Мамыр
2558 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында өңірлік кәсіпкерлер палаталары өкілдерінің қатысуымен Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков пен «Парыз» жұмыс берушілер Ұлттық конфедерациясының Бас директоры Қаныбек Жаңбырбаевтың іскерлік кездесуі өтті.

Басқосуда тараптар әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу, сондай-ақ, кадрларды даярлау сапасын арттыру және еңбек ресурстарын дамыту саласындағы серіктестікті дамытуға ерекше көңіл бөлді.

Дәлірек айтсақ, өңірлердегі әлеуметтік-еңбек саласын жақсарту бойынша өзара іс-қимылдың тиімді тетігін құру, жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы мүдделердің теңгерімін қамтамасыз ету, еңбекті қорғау және қауіпсіздік саласындағы озық тәжірибені енгізу, сондай-ақ, кәсіпкерлер мен қызметкерлердің құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері сөз болды.

Тимур Нақыпбеков еңбек және әлеуметтік мәселелер бойынша жұмыс берушілердің мүдделерін ілгерілету мақсатында БҰҰ-ның Халықаралық еңбек ұйымы мойындаған ұйым ретінде жұмыс берушілер Конфедерациясымен ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Қаныбек Жаңбырбаев лайықты еңбек жағдайларын, әділ еңбекақыны және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттеріне тоқталып, заманауи жағдайда мұндай серіктестіктің өзектілігіне назар аударды. Сондай-ақ, халықаралық стандарттарды енгізу және жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы әлеуметтік диалогты дамытудың маңыздылығын жеткізді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Парыз» конфедерациясы жүргізген келіссөздердің нәтижелері өзара ынтымақтастық туралы меморандуммен аяқталды Бұл құжат Қазақстан Республикасының өңірлерінде қолайлы бизнес-ортаны құруға және еңбек әлеуетін тұрақты дамытуға бағытталған өзара іс-қимылдың жаңа кезеңін ашады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері бұл әріптестік елдегі бизнес-климатты нығайтуға және әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімділігін арттыруға маңызды қадам болатынын баса айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер