«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Туризмнің тұтқасы – үйлесімді іс: демалыс маусымы қарсаңында бірқатар мәселелер шешімін тапты

2025 жылғы 03 Маусым
- Абай облысы
1188 просмотров

Өңірдің туристік маусымға дайындық деңгейі – облыс әкімдіктері мен сала бизнесінің күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар Кәсіпкерлер палатасының тұрақты бақылауында. Туризм саласында қордаланған мәселелерді шешіп, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін өңірлік палата тарапынан тиісті талдау, үйлестіру және ұсыныс білдіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осыған байланысты “Атамекен” ҚР ҰКП Туризм департаментінің бастамасымен Абай, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарының Кәсіпкерлер палаталары жанындағы салалық туризм кеңестері бірлесіп жиын өткізіп, нақты мәселелерді ортаға салды. Аталмыш жиынға ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты Туризм индустриясы комитеті де қатысты.

Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарындағы туризм саласына қатысты бірқатар мәселелер көтерілді

Жетісу облысында туризмді дамыту бағытында Балқаш көлінің жағалау аумағын игеру, инфрақұрылымды жақсарту, сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеуге арналған полигон салу мәселелері қозғалды. Сонымен қатар, Жалаңашкөл бағытындағы облыстық жолды жөндеу мен жобаны нақтылау жұмыстары да бұл өңірде өзекті болып отыр. Үшарал қаласындағы әуежайда субсидияланған әуе рейстері кезінде жанармай құю мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл түйткілге қатысты бірнеше шешу жолдары ұсынылды.

Ал Шығыс Қазақстан облысында туризм саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, соның ішінде 2025 жылғы жазғы туристік маусымға дайындық барысы талқыланды. Сонымен қатар, облыста Туризм басқармасын қайта қалпына келтіру мәселесі көтерілді.

Бұдан бөлек, өңірде курорттық аймақтарды дамытуға бағытталған 2024–2026 жылдарға арналған Жол картасы бойынша жұмыстар жалғасуда. Катонқарағай ауданындағы демалушыларды орналастыру орындарының жетіспеушілігі, туристер үшін медициналық сақтандыру енгізу, алкоголь өнімдерін сатуға маусымдық лицензия беру сияқты нақты ұсыныстар да айтылды. Бүгінде ШҚО мен Алтай өнімдерін брендтеу және ұлттық парктермен бірлесіп жаңа туристік бағыттар әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Алакөл көлінің әлеуетін арттыруда бірқатар күрмеуі қиын мәселелер шешімін тапты

Бүгінде әуежайлардағы инфрақұрылымның жеткіліксіздігі Алакөлдің туристік әлеуетіне теріс әсер етіп отыр. Бұл мәселе Жетісу облысындағы Үшарал әуежайында да бар. Осыған байланысты Азаматтық авиация комитеті бұл мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді: атап айтқанда, сертификаттау рәсімдерін жаңарту, жанармай құю шектеулерін алып тастау секілді техникалық рәсімдер орындалуда.

Биылғы туристік маусым барысында авиабилеттердің қолжетімділігі мен бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Бұл бағытта нақты қадамдар жасалып, кеңестен кейін Aviasales.kz платформасында Алакөл бағытындағы билеттер сатылымға шықты. Бұған қоса, байқау жеңімпазы атанған SCAT әуекомпаниясында 29 мамырдан бастап әуе билеттері туристер үшін қолжетімді болды.

Рейстер 1 маусымнан бастап тамыз айының соңына дейін (3 ай) Алматы-Үржар, Астана-Үржар және Астана-Үшарал бағытында туристер үшін қатынайтын болады. Бұл ақпаратты ҚР Көлік комитеті, SCAT авиакомпаниясы және облыс әкімдігі ресми түрде растады. Қазіргі уақытта SCAT әуекомпаниясының ресми сайтында билеттер сатылымда.

Алакөлдің туристік маусымына сапалы дайындық – тек жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлердің ғана емес, орталық мемлекеттік құрылымдар мен ұлттық палатаның үйлесімді іс-қимылын талап ететін ауқымды жұмыс. Кеңес барысында нақты мәселелер көтеріліп, жедел шешім қабылдануының нәтижесінде бірқатар түйткілдерге нүкте қойылды. Бұл кеңестің формальді жиын емес, нақты нәтиже берген маңызды іс-шара екенінің нақты дәлелі.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер