«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жұмысшы мамандықтар жылы: шымкенттік 50-ге жуық маман сертификатталған тәлімгер атанды

2025 жылғы 12 Маусым
- Шымкент қаласы
556 просмотров

Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау жүріп жатыр. Бұл бағыттағы «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының белсенді ұстанымы аясында Шымкент қаласында өндірістік кәсіпорындар және колледждермен өзара тығыз жұмыс жүргізілуде. Мұндағы мақсат – дуальды оқыту жүйесін дамыту.

Осыған орай Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында тәлімгерлер мен кәсіпорын шеберлеріне, орта және арнаулы оқу орнының оқытушыларына арналған екі күндік семинар өтті. Семинарға «Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ләзат Шонаева және І санатты сарапшы Инна Региль мультипликатор ретінде келіп, сонымен қатар, Палата басшылығы мен кәсіпкерлер қатысты.

«Кәсіпкерлер палатасы тарапынан кәсіптік бағдар беру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Біз семинарға қатысушылар мультипликаторлардан құнды ақпарат алды және өз кезегінде тәжірибесін колледж студенттерін оқыту барысында қолданады, осылайша дуальды оқыту жүйесін жетілдіру мақсатында өз үлесін қосады деп сенеміз», – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев.

Семинар басында Ләзат Шонаева Еуропадағы білім беру моделі туралы айтып, Қазақстан сондағы озық оқыту жүйесінің тәжірибесін басшылыққа алғанына назар аударды. Дуальды оқыту жүйесіне қатысатын кәсіпорындар, колледж және басқа да орта, арнаулы оқу орындарында білім беру жүйесін дамыта отырып мемлекет те, жұмыс беруші де, болашақ маман да табысқа жетеді, дейді маман.

«Дуальды оқыту дегеніміз – аты айтып тұрғандай, екі жақты, яғни, теориялық білім беретін оқу орындары мен сол білімді тәжірибемен ұштастыратын кәсіпорындар арасындағы мамандар әзірлейтін бірлескен жүйе. Елімізде 2012 жылдан бері жүзеге асырылып, осы уақыт ішінде жетілдіріліп келеді. Міне, осы мақсатта біз Еуропадағы осы жүйенің үздік тәжірибесін Қазақстандағы жағдайға бейімдеп, бағдарлама құрдық. Сол бағдарламаны Шымкенттегі кәсіпорындар мен орта және арнаулы оқу орындарының жауапты мамандарына екі күн бойы үйреттік. Енді бұл мамандар сертификатталған тәлімгер атанды», – дейді «Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Ләзат Шонаева.

Ләзат Жаббарқызы кәсіпкерлерге өз кәсіпорындарына қажет, әлеуетті кадрларды іздеу мәселесінде оқу орындарымен бірлесуге, маман таңдауға көрегендік танытуға кеңес береді.

Семинар тыңдаушыларына дуалды оқытудың ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктері мен міндеттерімен Инна Региль таныстырды. Мультипликатор жұмыс орнында оқытуды жоспарлау бойынша білімі мен тәжірибесімен бөлісті, брифинг өткізу әдістері туралы айтты.

«Мұндай оқыту-біліктілік арттыру семинары біз үшін өте пайдалы болды. Әрі жұмыс беруші кәсіпкер, әрі жоғары оқу орнының оқытушысы ретінде мені болашақ мамандардың неғұрлым білікті болуы алаңдатады. Ол үшін студенттер теориялық білімін толық меңгеріп, оқып жүрген уақытында өз саласы бойынша кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді. Ал осы тұрғыда сол жастарды оқытатын тәлімгерлердің өздерінің біліктілігін арттыру мәселесі де аса маңызды. Сондықтан, осындай тәлімгерлер мектебі дуальды оқыту жүйесінің дамуы үшін аса қажет деп санаймыз», – дейді кәсіпкер Жанна Елтанова.

Екі күндік іс-шараға қатысушылар дуальды оқытудың тиімділігін арттыруға қандай техникалық құралдар мүмкіндік беретіні, жасөспірімдерде білім алуға құлшынысты қалай арттыруға болатыны және т.б. құнды мәліметтер білді. Кездейсоқ топтарға бөлінген қатысушылар дуальды оқыту барысында кездесетін түрлі жағдайларды практика түрінде талқылап, туындаған сұрақтардың шешімін табуды үйренді.

Осылайша оқыту іс-шарасы студенттермен және практиканттармен жұмыста коммуникациялық дағдыларды жетілдіру бойынша теориялық және практикалық нұсқау бола алады.

Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар тапсырылып, сертификатталған тәлімгерлер санатына қосылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер