«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қарағанды облысында North Caspian Operating Company N.V. компаниясымен ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды

2025 жылғы 12 Маусым
- Қарағанды облысы
616 просмотров

Қарағанды облысына Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы ірі жобалардың бірін – Қашаған кен орнын игеру бойынша жұмыс жүргізіп жатқан халықаралық мұнай-газ операторы North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) делегациясы ресми сапармен келді. Кездесу облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында өтті. Онда тараптар жергілікті тауар өндірушілермен кооперация мүмкіндіктерін және мұнай-газ саласының сатып алуларына қазақстандық қамтуды ұлғайту жолдарын талқылады.

Бағдарлама аясында NCOC компаниясының басқарушы директоры Джанкарло Рую бастаған делегация өңір кәсіпорындарының өнімдері қойылған көрмеге қатысты. Көрмеде машина жасау, металл өңдеу, арматура мен құбыр жүйелерін өндірумен айналысатын компаниялар өз мүмкіндіктерін таныстырды. Сондай-ақ облыс әкімі Ермаганбет Булекпаев, Мәжіліс депутаттары, Энергетика министрлігінің өкілдері, NCOC акционерлері мен жергілікті бизнес субъектілерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

– Қарағанды облысы – еліміздегі алдыңғы қатарлы индустриялық өңірлердің бірі. Біз өндіріс қуаттарын арттыру, инвесторларды тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Өңір кәсіпорындарының әлеуеті мұнай-газ саласындағы ауқымды жобаларға, соның ішінде Солтүстік Каспий жобасына да толық қатысуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Ермаганбет Булекпаев.

Кездесу қорытындысы бойынша Қарағанды облысы әкімдігі мен NCOC компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, тіркеу және алдын ала біліктілік рәсімдеріне жәрдемдесу, сондай-ақ отандық өнімді NCOC компаниясының жеткізу тізбегіне енгізу мәселелерін қамтиды.

– Біз қазақстандық бизнес өкілдерімен ұзақ мерзімді әрі тұрақты серіктестік орнатуға мүдделіміз. Қарағанды өңірінде жақсы дамыған өндірістік инфрақұрылымды, жоғары технологиялық дайындықты және халықаралық нарыққа белсенді қатысуға деген ұмтылысты көріп отырмыз. Ынтымақтастығымыз нақты нәтижелер береді деп сенемін, – деп атап өтті Джанкарло Рую.

Ол сондай-ақ құбыр компоненттері, металл құрылымдары мен өнеркәсіптік жабдықтарды жергіліктендірудің сәтті мысалдарын атап өтті.

Делегация ТОО «Казфиттингпласт», ТОО «Мэйкер», ТОО «Имсталькон» кәсіпорындарын, сондай-ақ «Сарыарқа» АЭА аумағында орналасқан «Бёмер Арматура», «Изоплюс Центральная Азия» және «Seven Refractories Asia» зауыттарын аралайды. Кәсіпорын басшылары өндірістік қуаттарын және экспорттық келісімшарттарын таныстырды.


Кездесу барысында кәсіпкерлер өз ұсыныстарын тікелей жеткізіп, NCOC компаниясының өнім сапасына, қауіпсіздікке және сертификаттауға қатысты талаптарын талқылады.

Шара соңында NCOC компаниясының жеткізушілермен жұмыс жөніндегі маманы Динара Дүйсенбаева кәсіпкерлерге арналған семинар өткізіп, компанияның сатып алуларына тіркелу және алдын ала біліктілік алу рәсімдерін, құжаттарға қойылатын талаптарды түсіндірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер