33%-дан 57%-ға дейін: ШОБ Қазақстандағы негізгі инвестиция алушы болды
2008 жылы негізгі капиталға құйылған инвестициялар құрылымында шағын және орта бизнестің (ШОБ) үлесі 33% болса, 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 57%-ға дейін өсті. Бұл өсім экономиканың әртараптандырылып жатқанын ғана емес, инвесторлардың ШОБ секторының әлеуетіне деген сенімінің артқанын көрсетеді.
Соңғы он бес жыл ішінде еліміздегі инвестициялық басымдықтарда түбегейлі өзгерістер орын алды. Бұрынғыдай ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға емес, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне инвестиция тарту деңгейі айтарлықтай артты. Яғни, бүгінгі таңда ШОБ инвестициялық ағымдардың басты бенефициарына айналып отыр.
Талдау көрсеткендей, егер 2008 жылы негізгі капиталға инвестициялардың жалпы көлеміндегі ШОБ үлесі 33% құраса, 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 57% - ға жетті. Шын мәнінде, инвестициялық процестегі шағын бизнестің рөлі екі есеге жуық өсті, бұл экономиканың әртараптандырылуын ғана емес, сонымен қатар инвесторлардың осы секторға деген сенімінің артқанын көрсетеді.
2020 жылдан бастап бұл құрылым тұрақты сипатқа ие болды. Шағын кәсіпкерліктің инвестициялық үлесі 49%-дан жоғары деңгейде сақталып отыр, ал ірі компаниялардың үлесі шамамен 44%-ды құрайды. Бұл – ШОБ ел экономикасының тек қосымша буыны емес, тұрақты дамудың негізгі тірегіне айналғанын көрсетеді.
Мұндай өсімге ықпал еткен негізгі факторлардың бірі – мемлекеттік және өңірлік деңгейде қолға алынған мақсатты бастамалар. Соның ішінде «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасы ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл жоба «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылып, аймақтарға инвестиция тартуда жоғары тиімділік көрсетуде.
БАБӨ жобасының инвестициялық тартымдылығы – оның кешенді тәсілінде болып отыр. Жоба жергілікті, бірегей өнімдерге негізделген және масштабтау әлеуеті жоғары бағыттарды қамтиды. Мұндай өнімдер инвесторлар үшін ерекше қызығушылық тудырады. Сонымен қатар, мемлекет пен «Атамекен» ҰКП тарапынан көрсетілетін құрылымдық қолдау – кәсіпкерлер үшін бастапқы кезеңдегі тәуекелдерді барынша төмендетуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлерге әкімшілік және ұйымдастырушылық сүйемелдеу қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, аймақтарда кластерлік әсер қалыптасып жатыр: кәсіпкерлер бірлесіп, жәрмеңкелер мен маркетплейстерге шығуға ұмтылуда, бұл өз кезегінде бизнес тиімділігі мен коммерциялық әлеуетті едәуір арттырып отыр.
«Атамекен» ҰКП алдағы стратегиялық мақсаттарының бірі – отандық өндірушілерді халықаралық сауда-платформаларға шығару. Бұл бағыт жергілікті брендтерге шетелдік нарықтар мен тікелей инвестицияларға қол жеткізуге жол ашады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: