«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Лак-бояу саласындағы теңсіздік: 58 мың тонна отандық бояуға қарсы 100 мың тонна импорт

2025 жылғы 30 Шілде
1139 просмотров

Лак-бояу өнімдері саласында импортқа тәуелділік әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында өндіріс көлемінің артуына қарамастан, импорт көлемі экспорттан екі есеге жуық артты.

Салалық бірлестіктердің дерегіне сәйкес, биылғы жылдың алғашқы алты айында елімізде 58 мың тонна лак-бояу өнімі өндірілді, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,2%-ға артық. Алайда бұл оң көрсеткіш басқа деректермен теңестіріледі. Атап айтқанда, осы кезеңдегі импорт көлемі 100,6 мың тоннаға жетіп, 14,4%-ға артқан. Ал экспорт көлемі небәрі 54,6 мың тоннаны құрап, 13,1%-ға төмендеген.

Осылайша, Қазақстаннан экспортталатын әр тонна лак-бояу өніміне шамамен екі тонна шетелдік өнім сәйкес келеді. Бұл саланың сыртқы жеткізілімге жүйелі түрде тәуелді екенін көрсетеді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының айтуынша, өндірістің өсуіне қарамастан, импорт көлемінің артуы отандық өнім сапасының төмендігімен емес, саланың құрылымдық проблемаларымен байланысты. Олардың қатарына мыналар жатады:

Тұрақсыз сұраныс – ұзақ мерзімді келісімшарттардың болмауына байланысты өндірушілер өндіріс көлемін алдын ала жоспарлай алмайды, бұл әсіресе уақыт пен ресурсты дәл болжауды қажет ететін лак-бояу саласы үшін аса маңызды.

Қысқа жеткізу мерзімдері – жергілікті тапсырыс берушілер, соның ішінде квазимемлекеттік ұйымдар, жиі өнімді қысқа мерзімде жеткізуді талап етеді. Бұл жағдай отандық өндірушілердің тендерге қатысуына кедергі келтіреді.

Отандық өнімге басымдықтың болмауы – қазақстандық қамтуды қолдайтын тетіктер болғанымен, олардың тиімділігі төмен. Нәтижесінде тендерлерде жиі шетелдік брендтер жеңіске жетіп жатады.

«Лак-бояу өнімі – бүкіл әлем бойынша химия өнеркәсібінің негізгі бағыттарының бірі. Қазақстанда бұл сегменттің үлесі небәрі 3%-ды құрағанымен, ол құрылыс, машина жасау, инфрақұрылымдық жобалар және жиһаз өндірісі сияқты салаларға тікелей әсер етеді. Импорттың өсуі – бұл реттеуші органдар мен сатып алушылар үшін салаға қолдау көрсету қажеттігін білдіретін айқын белгі. Егер біз елді тек импортпен қамтамасыз ете беруді қаламасақ, нақты шаралар қабылдауымыз қажет», – деді ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Гүлмира Қажыбекова.

Салаға қолдау сұрап «Атамекен» ҰКП жүгінген салалық бірлестіктер мен сарапшылардың пікірінше жағдайды едәуір жақсартуға болады. Олар нақты әрі бірлескен шешімдерді ұсынып отыр:

  • Мемлекеттік сатып алуларды алдын ала жоспарлау тетіктерін әзірлеу – бұл кәсіпорындарға өндірісті жедел емес, болжанған көлемдерге сай жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
  • Құрылыс және инфрақұрылымдық жобаларда отандық лак-бояу өнімдеріне мемлекеттік бағдарламалар аясында және мемлекеттік қатысуы бар нысандарда басымдық беру.
  • Өндірісті жаңғыртуда инвестицияны қолдау – отандық кәсіпорындардың халықаралық ірі брендтермен көлем, ассортимент және жеткізу мерзімі бойынша бәсекелесуі қиын.

Осылайша, импортқа тәуелділікті еңсеру – тек экономикалық мәселе ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құру, қазақстандық өңдеу өнеркәсібін нығайту және негізгі салалардағы жергілікті қамту үлесін арттырудың мүмкіндігі. Сала өкілдерінің айтуынша, жоғарыда аталған өзгерістер жүзеге аспайынша, Қазақстан ішкі өндірістің өсуіне қарамастан, импорттаушы ел күйінде қала беру қаупі бар.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер