«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астанада түнгі ойын-сауық орындарында тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдары талқыланды

2025 жылғы 30 Қазан
- Астана қаласы
325 просмотров

Астана қалалық Полиция департаментінің алаңында департамент бастығы Марат Төлебаевтың төрағалығымен түнгі ойын-сауық орындарындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыс деңгейін төмендету мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті.

Кеңеске прокуратура, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы, қала әкімдігі, Мемлекеттік кірістер департаменті, AMANAT партиясының өкілдері, мәслихат депутаттары және өзге де мүдделі мемлекеттік органдар қатысты.

Жиын барысында ойын-сауық орындарында тіркелетін құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың статистикалық деректері ұсынылып, оларды азайту жөніндегі ұсыныстар қаралды. Биылғы жылдың басынан бері полиция органдарына ойын-сауық орындарында орын алған түрлі құқық бұзушылықтар бойынша 11 мыңнан астам хабарлама түскен. Талдау нәтижесі бойынша өтініштердің шамамен 30 пайызы түнгі сағат 00:00-ден 02:00 аралығында, ал басым бөлігі 02:00-ден 06:00 аралығында тіркелетіні анықталды.

Жалпы 127 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде - 2 адам өлтіру, 16 денсаулыққа қасақана зиян келтіру, 14 бұзақылық, 94 ұрлық және күзет қызметі өкілдерінің өкілеттігін асыра пайдалану бойынша 2 дерек бар.

Кеңес қорытындысы бойынша хатшы тарапынан бірқатар ұсыныстар енгізілді. Атап айтқанда, ойын-сауық орындары үшін қауіпсіздік рейтингі жүйесін енгізу және түнгі мекемелер қызметін қатаң реттеуге бағытталған заңнамалық өзгерістерді қарастыру қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар, құзырлы мемлекеттік органдардың, мәслихат депутаттарының, Кәсіпкерлер палатасы мен өзге де мүдделі тараптардың қатысуымен жұмыс тобы құрылатын болды. Аталған топтың міндеті - түнгі ойын-сауық орындарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған тиімді шараларды әзірлеу.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы өз құзыреті шегінде адал кәсіпкерлік субъектілерінің презумпциясы қағидатын басшылыққа ала отырып, белсенді қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ Палата ойын-сауық саласында қызмет ететін кәсіпкерлерді бірлескен жұмысқа тартуды жоспарлап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174