«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Абай облысының кәсіпкерлері халықаралық ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуде

2025 жылғы 22 Қазан
- Абай облысы
239 просмотров

Абай облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры М.А. Сүйчиновтың басшылығымен өңір кәсіпкерлерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласына іссапармен барды. Сапардың негізгі мақсаты – екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру болды.

Іссапар бағдарламасы аясында делегация мүшелері Халықаралық сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдерімен және қытайлық іскер топтармен кездесті. Кездесуде өңір кәсіпкерлері өздерінің өндірістік және экспорттық әлеуетін таныстырып, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм мен логистика салаларында өзара тиімді серіктестік орнату мүмкіндіктерін талқылады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ұзақмерзімді серіктестік орнатуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат шекарааралық сауда мен инвестициялық жобаларды дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлерінің өзара байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.

Келісім рәсімінен кейін тараптар B2B форматында жеке кездесулер өткізіп, екіжақты серіктестіктің нақты бағыттарын қарастырды. Қытайлық компаниялар өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, болат құрылыс материалдарын шығару және логистикалық қызметтер сынды басқа да жобаларға назар аударды.

Сонымен қатар, делегация мүшелері Үрімші қаласындағы өндірістік парктер мен халықаралық сауда орталықтарында болып, кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Қонақтарға жергілікті өндіріс процестері, экспорттық жүйелер және инновациялық шешімдер көрсетілді.

Сапар нәтижесінде екі елдің кәсіпкерлері өзара іскерлік байланыстарды нығайтып, жаңа бағыттар бойынша нақты келісімдерге келді. Делегация мүшелерінің пікірінше, бұл іссапар Абай облысының бизнес қауымдастығы үшін шетелдік нарықтарға шығу және халықаралық серіктестік орнату жолындағы маңызды қадам болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174