«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес пен мемлекеттік органдар оңайлатылған декларация негізіндегі АСР қолданудың жаңа ережелерін талқылады

2025 жылғы 19 Қараша
789 просмотров

Жүздеген мың кәсіпкерлерге қатысты салық заңнамасына енгізілген маңызды өзгерістер Астанада егжей-тегжейлі талқыланды.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ұлттық экономика министрлігі және Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің қатысуымен бірлескен семинар-кеңес өткізді. Іс-шара барысында Үкімет қаулысымен бекітілген, оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін (АСР) қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізіміне қатысты норма­лар егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Кездесу 2026 жылдан бастап күшіне енетін Салық кодексінің жаңа нормаларына барынша жеңіл өтуді қамтамасыз ету мақсатында билік пен бизнестің өкілдерін біріктірді.

Семинар жұмысына Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов, Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Нұрлыбек Шаймаханов, МКК Арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шыңберген және «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов төрағалық етті.

Тимур Жаркенов семинардың басында сөз алып, кәсіпкерлерді дер кезінде әрі толық ақпараттандырудың маңыздылығына баса назар аударды.

ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Нұрлыбек Шаймаханов негізгі жаңалықтарды егжей-тегжейлі таныстырды.

Жиында оңайлатылған декларация негізінде бұдан былай АCР қолданылмайтын қызмет салаларын шектеу мәселесі талқыланды. Егер кәсіпкердің қызмет түрі ресми тыйым салынған тізімге кірмесе, ол «оңайлатылған» жүйеде жұмыс істеу құқығын сақтайды.

Қолданыстағы АCР-дан жаңа режимдерге көшу ережелері талқыланды

Қазіргі уақытта патент немесе мобильді қосымша негізіндегі арнайы салық режимін (АСР) қолданып жүрген салық төлеушілер алдағы уақытта «өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған» АСР-ға өте алады. Яғни, бұл санат үшін арнайы ережелер қарастырылған.

«Бұл режимнің жаңа артықшылықтарының бірі – жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажет еместігі. Яғни, азаматтар жеке кәсіпкерлік (ИП) ашпай-ақ, жаңа жүйені қолдана алады. Тиісінше, осы санаттағы азаматтар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап есептен өз бетінше шығуы қажет.  Екінші нұсқа – біз оларды 2026 жылдың 1 наурызында автоматты түрде тіркеуден шығарамыз. Ал бұл режимнің қолданылуы мобильді қосымшадағы «е-Salyq Business» арқылы алғашқы чек шыққан күннен басталады. Сол күн – режимді қолданудың ресми басталған күні болып есептеледі. Егер азамат тіркеуден шығу бойынша ешқандай әрекет жасамаса, біз оны автоматты түрде іске асырамыз», – деді МКК өкілі Ерқанат Шыңберген.

Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданып жүрген салық төлеушілер 2026 жылдың 1 қаңтарынан 28 ақпанына дейін жаңа АСР-ға өтетіндері туралы хабарлама жіберуге тиіс. Бұл талап орындалмаса, салық төлеуші автоматты түрде режимнен шығарылады және 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға ортақ салық салу тәртібіне ауыстырылады.

МКК өкілінің айтуынша, шаруа қожалықтары үшін өтпелі кезең автоматты түрде жүзеге асырылады. Себебі олардың қызметінің ерекшелігі мен арнайы шарттары ескерілген.

В2В арасындағы мәмілелерді шектеу

Бизнестің өткір мәселелерінің бірі – шегерімдер бойынша шектеу болды, бұл кәсіпкерлердің алаңдауынша, АСҰ-дағы компаниялар арасындағы B2B қарым-қатынастарына де-факто тыйым салуы мүмкін еді.

Бизнес көтерген өткір сұрақтардың бірі – шығындарды шегеру бойынша шектеулер. Бұл ретте кәсіпкерлер мұндай талап АСР қолданатын компаниялар арасында B2B қарым-қатынасына кедергі келтіруі мүмкін деп алаңдаушылық танытып отыр.

Алайда Тимур Жаркенов кәсіпкерлердің алаңдаушылығын сейілтіп, оңайлатылған режимдегі компаниялардың өзара жұмыс істеуіне рұқсат бар екенін атап өтті.

«Шектеулер жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібі режимінде жұмыс істейтін және шығындарды шегерім ретінде қолданатын кәсіпорындарға қатысты. Ал АСР-дағы компаниялар арасындағы мәмілелерге шектеу жоқ, себебі бұл режимде шығындарды шегеру қарастырылмаған. Сондықтан олар бір-бірімен еркін жұмыс істей алады», — деді спикер.

Жаңа АСР-дың жылдық табыс лимиті 2,4 млрд теңге болып белгіленгенін ескерсек, қызмет түрі тыйым салынған тізімге кірмеген жағдайда, шағын және орта бизнестің басым бөлігі оңайлатылған жүйеде жұмысын жалғастыра алады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимі және еңбек қатынастары тәуекелдері

МКК төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен жұмыс істейтіндер төлем көзінен 10% жеке табыс салығын ұстауға міндетті емес екенін ресми түрде растады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат кірістері туралы өз бетінше есеп береді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мобильді қосымша арқылы чек шығарады және қажет болған жағдайда орындалған жұмыс туралы акт жасайды.

Режим рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесімен қатаң шектелген. Мысалы, жалға беру бойынша тек тұрғын үй немесе тұрмыстық тауарларды жалға беруге рұқсат етілген. Коммерциялық жылжымайтын мүлікті осы режим бойынша жалға беруге тыйым салынады.

ҚҚС және есепке алу мәселелері – міндеттемелер мен жеңілдіктер

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап оңайлатылған режимдегі салық төлеушілер тауарды айналымға шығару бойынша ҚҚС төлеушілері болып танылмайды. Қазіргі ҚҚС төлеушілері, оңайлатылған режимге ауысқан кезде, ҚҚС тіркеуінен шығып, тауар қалдықтары бойынша жою (ликвидациялық) есебін тапсыруға тиіс. Есеп кешіктіріліп берілсе де, тіркеуден шығару 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап автоматты түрде жүзеге асырылады.

Жеңілдетілген режимдегі жеке кәсіпкерлер халыққа қызмет көрсетіп, фискалды чек шығарып отырса, электронды шот-фактура (ЭСҚ) жазуға міндетті емес. Бірақ егер сатылатын тауарлар «алынып тасталған тауарлар тізбесіне» кірсе немесе виртуалды қоймада есепке алынуға тиіс тауарлар болса, ЭСҚ жазу міндеттеледі.

«Бүгінде электронды шот-фактура жазуға міндетті салық төлеушілердің нақты тізімі бар. Бірақ егер кәсіпкер чек шығарып отырса, электронды шот-фактураны тек талап етілген жағдайда ғана рәсімдейді. Ал егер тауар тізімнен алынып тасталған болса немесе виртуалды қоймада есепке алынатын тауарлар қатарында болса, онда ЭШФ міндетті түрде жазылады.

Биометриядан өтуге келсек, ЭШФ АЖ жүйесінде тіркелу тәртібі барлық салық төлеушілер үшін бірдей: ҚҚС төлейтін де, төлемейтін де кәсіпкерге биометриядан өту міндетті. Бұл қиындық тудырмайды деп ойлаймын, өйткені банктік қосымшаларда да, eGov.kz сервисінде де біз биометриядан өтіп жүрміз»,  - деп өтті МКК Төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов.

Сонымен қатар шағын бизнес өкілдері Ұлттық тауар каталогы (ҰТК) енгізілсе, олар толыққанды бухгалтерлік есеп жүргізуге мәжбүр болады деп алаңдаушылық білдірді.

МКК бұл мәселеге қатысты мынадай түсініктеме берді:

• Бухгалтерлік есептен босатылу бастапқы құжаттарды сақтамауға құқық бермейді — тауардың сатып алынғанын растайтын құжаттар болуға тиіс.
• ҰТК шағын дүкендерге айтарлықтай әсер етпейді, себебі тауар оларға таңбаланған күйде жетуі керек.
• Жылдық айналымы 500 млн теңгеге дейінгі кәсіпкерлер үшін бухгалтерлік есептен босату талабы сақталады.

Электрондық сервистер мәселелері

Салық кодексінде көрсетілгендей, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін (АСР) қолданудың басталу немесе тоқтату туралы мәліметтер уәкілетті органның интернет-ресурсында тиісті күндерден кемінде үш жұмыс күні бұрын жариялануға тиіс. Осыған байланысты кәсіпкерлер тарапынан мынадай сұрақ туындады: егер сатып алушы мәміле жасалған кезде қолда бар ақпаратқа сүйеніп, шегерім жасауға құқылы болды деп есептесе, ал кейінгі салықтық тексеру барысында режимнің өзгергені анықталса, оның қандай кепілдігі болады? Бұл мәселе оңайлатылған декларация негізіндегі АСР қолданатын кәсіпкерлермен жасалған мәмілелер бойынша шегерімдерді шектеу аясында да көтерілді.

Бизнес өкілдерінен түскен сауалдарға жауап берген МКК өкілдері реформа жағдайында бизнеске қолдау көрсету мақсатында жаңа электрондық сервистер әзірленіп жатқанын мәлімдеді.

2026 жылғы 1 қаңтарға қарай ЖСН/БСН енгізу арқылы контрагенттің салықтық режимін тексеруге мүмкіндік беретін ашық сервис іске қосылады. Барлық ақпараттық жүйелерді жетілдіру жұмыстары да осы мерзімге дейін аяқталмақ.

Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП жергілікті өкілді органдарға 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейін өз өңірі үшін бөлшек салықтың нақты мөлшерлемелері туралы шешім қабылдауды ұсынды.

Сондай-ақ ЖК мәртебесі жоқ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы шоттар ашу мәселесі Ұлттық банкпен тығыз пысықталуда және жақын арада шешілуге тиіс екендігі атап өтілді.

Семинар қорытындысы бойынша Тимур Жаркенов барлық айтылған мәселелер жинақталып, мемлекеттік органдармен пысықталатынын – барлық мүдделі тұлғаларға тарату үшін жадынама дайындалатынын атап өтті.

Бұған дейін Қазақстан Үкіметі тыйым салатын тізімді бекіткені хабарланған: құжаттың соңғы нұсқасы бойынша жұмыс аяқталды


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174