«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ҰТК енгізу: бизнеске жеңілдік берілді, дегенмен жүйенің түйткілді мәселелері әлі де бар

2025 жылғы 02 Желтоқсан
270 просмотров

Бизнес өз тауарларын ҰТК-ға енгізу үшін әлі де кей қиындықтарға тап болып, мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздыруға мәжбүр.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қаржы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігінің өкілдерімен бірлесіп, Ұлттық тауарлар каталогын (ҰТК) енгізуге қатысты өзекті мәселелерді түсіндіру мақсатында онлайн-кеңес өткізді. Сауда есебінде тәртіп орнатуға бағытталған бұл жүйе бүкіл бөлшек сауда нарығына әсер еткендіктен, мемлекеттік органдар бизнеске түсіністік танытып, қатаң шаралардан бас тартатынын жеткізді. Кеңеске еліміздің барлық өңірінен 300-ден астам кәсіпкер қатысты.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰТК енгізу – соңғы уақытта Қазақстанның бизнес қауымдастығында ең көп талқыланған мәселелердің бірі. Мақсат айқын әрі ауқымды – ондаған ескі классификаторлардың орнын басатын және акцизделетін және реттелетін өнімдер сегментін бақылаудың негізі болатын, бірыңғай әрі ашық тауарлар анықтамалығын құру.

Алайда бизнес айыппұлдарға қатысты әлі де алаңдаушылық білдіріп отыр. Сондықтан МКК-нің ҰТК талаптарын сақтамағаны үшін бүгінде ешқандай әкімшілік немесе өзге де айыппұл қарастырылмағаны жөнінде мәлімдемесі кәсіпкерлерді біршама тыныштандырғандай болды. Бұған қоса, мемлекеттік органдар үй жанындағы дүкендерге ҰТК-ға тауар енгізу міндеті жүктелмейтінін жеткізді. Өйткені ол жұмысты импорттаушылар, өндірушілер және «Астықжан», «Магнум», «Смолл» сияқты ірі сауда желілері алдын ала іске асырып қойған.

«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтың айтуынша, есепті біріздендіру мен ашықтықты арттыруға тиіс жүйе бөлшек саудаға қатысты барлық дерлік операцияларды қамтиды.

Мемлекеттік орган өкілдері атап өткендей, қазіргі басты назар жазалауға емес, түсіндіру жұмыстарына және бизнестің каталогты толықтыруға белсенді атсалысуына аударылып отыр. Негізгі міндет – тауар карточкаларын енгізуді қамтамасыз ету және өндірушілер мен импорттаушыларға бірегей логистикалық кодтар беру.

Чектерге қойылатын жаңа талаптар және ЕДБ тарапынан қолдау

Анағұрлым сезінерлік өзгерістердің бірі – бақылау-касса машинасының (БКМ) чегінде тауардың атауы ҰТК-ға сәйкес болуына қатысты талап.

Қаржы министрлігі интеграцияланған күрделі жүйесі жоқ шағын бизнес үшін алгоритмді түсіндірді.

«Микро- және шағын бизнеске қымбат жүйелер сатып алмау үшін біз мынадай ұсыныс жасадық: БКМ-ді жаңарту, сканер қосу. Егер тауар сканерленсе, атауы автоматты түрде чекте көрсетіледі. Егер тауар ҰТК-да әлі болмаса, жүйе автоматты түрде уақытша код тағайындайды», – деді Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Думан Қансейітов.

Кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) белсенді түрде көмек көрсетіп жатыр. Kaspi Bank және Halyk Bank пост-терминалдарды БКМ және сканер функцияларымен бірге транзакциялық комиссиядан басқа төлемсіз ұсынатыны айтылды. Жыл соңына дейін Freedom Bank пен Банк ЦентрКредит те өз пост-терминалдарына БКМ интеграциясын аяқтауды жоспарлап отыр.

Түйткілді мәселелер

Айыппұлдарға қатысты жағдайдың жұмсарғанына қарамастан, кәсіпкерлер «Атамекен» арқылы жедел шешуді қажет ететін бірқатар мәселесін жеткізді.

Солардың бірі – ұлттық коды жоқ болған жағдайда тауардың ілеспе жүкқұжаттары (ТЖҚ) мен электронды шот-фактураларын (ЭШФ) рәсімдеу. Бизнес бұл бағытта құқықтық тәуекелдерді болдырмау үшін ресми жазбаша түсіндірме талап етеді.

Кеңеске қатысушылар атап өткендей, 13 мыңнан астам тауар атауы бар компаниялар үшін модерацияға өтінімдерді жаппай жіберу функциясының болмауы үлкен қиындық тудырады. Әр өтінімді жеке жіберу – көп жұмысты талап ететін процесс.

«Электрондық қаржы орталығы» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Денис Свирскийдің айтуынша, негізгі проблемалар үш бағытта шоғырланған.

«Ұлттық тауар коды жоқ немесе верификация процесінде тұрған өтпелі кезеңде ЭШФ мен ТЖҚ-ны дұрыс толтыру мәселесі әлі толық шешілмеген. Мемлекеттік органдардан нақты жазбаша нұсқаулық қажет», – деп атап өтті Свирский.

Сарапшының айтуынша, тауардың техникалық сипаттамалары немесе фотосуреттері бастапқыда басқа нарық қатысушылары тарапынан қате енгізілген жағдайда, өндіруші немесе импорттаушы оларды түзете алмайды. Бұл тауар туралы ақпаратты бұрмалайды, сондықтан бастапқы дерек иесіне түзету бойынша басымдық берілуге тиіс.

Кең ауқымды ассортименті бар компаниялар үшін өтінімдерді модерацияға жаппай жіберу функциясының болмауы да айтарлықтай қиындық туғызады. Свирский бұл процесті орасан көп қол еңбегін талап ететін, әр өтінімді жеке өңдеуді қажет ететін жұмыс деп сипаттады.

ҰТК-ны толық енгізуге кедергі келтіретін мәселелер әзірге аз емес. Жүйедегі басты олқылықтардың бірі – тауар брендтері мен жеке сипаттамаларын енгізу мүмкіндігінің болмауы. Бұл өнімнің нақты артықшылықтарын жойып, сапалық айырмашылықтарын жасырады және барлық қатысушыларды теңдей жағдайға қойып, нарықтық бәсекеге қайшы келеді. Сондай-ақ өндірушілер мен импорттаушылардың құқығы мен мүддесін бұзады.

Бизнес өз тауарларын ҰТК-ға енгізу үшін түрлі қиындықтарға тап болып, кейде мемлекеттік органдарды жағалап жүруге мәжбүр.

Алайда Тимур Жаркеновтың пікірінше, бизнес бұлай жүруге міндетті емес – жүйені кәсіпкерлер үшін ыңғайлы, қолжетімді әрі орталықтандырылған түрде іске қосу маңызды. Сол себепті барлық кемшіліктерді әзірлеу кезеңінде-ақ түзету қажет.

«Атамекен» ҰКП барлық сұрақтарды жинақтап, ресми жауап дайындау үшін мемлекеттік органдарға жолдайды. Тимур Жаркеновтың айтуынша, ел бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.

Бизнес пен мемлекеттік органдар аталмыш мәселе бойынша әлі де бірнеше рет бас қоспақ.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174