«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақмола кәсіпкерлері «Алтын сапа» сыйлығын табыстау салтанатында бірқатар беделді марапатқа ие болды

2025 жылғы 11 Желтоқсан
- Ақмола облысы
303 просмотров

«Алтын сапа» ұлттық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі барысында үздік кәсіпорындар мен ұйымдар ел экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін лайықты марапаттарға ие болды. Ақмола облысы кезекті рет кәсіпқойлық пен кәсіпкерлік бастаманың жоғары деңгейін көрсетіп, бірқатар маңызды жетістіктерге жетіп, бизнес-қоғамдастық лидерлері қатарында өңірдің беделін нығайтты.

«Бір ауыл - бір өнім» жобасы финалистерінің көрмесінде Ақмола облысынан кәсіпкер Руслан Соколов өз тауарларының желісін таныстырды. Жобаны Мемлекет басшысы жергілікті брендтердің табысты дамуы және тұрақты өндіріс пен нарықты кеңейтуге бағдарланған кәсіпкерлерді тиімді қолдаудың үлгісі ретінде атап өтті.

Сонымен қатар, «Қазақстанның үздік тауары» байқауының республикалық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Бірден өңірдің екі кәсіпорны жоғары марапатқа ие болды. Атап айтқанда, «Бижан» МПК» ЖШС — «Азық-түлік тауарларының үздік өндірушісі» атанса, «Азияфильтр» ЖШС — «Өндірістік тауарлардың үздік өндірушісі» номинациясында топ жарды. Бұл нәтижелер Ақмола кәсіпорындарының өнім сапасының жоғары стандарттарын және олардың ішкі нарықта өсіп келе жатқан бәсекеге қабілеттілігін растайды.

«Атамекен» ҚР ҰКП алғаш рет ұйымдастырған Жұмысшы мамандықтары жылы «Кәсіпби маман» байқауы «кәсіпорын – колледж – тәлімгер» серіктестігін дамыту және жұмысшы мамандықтарын танымал ету үшін маңызды алаңға айналды. Ақмола өкілдері екі бірінші орынды иеленді: «Степногор подшипник зауыты» АҚ персонал жөніндегі директоры Анна Кислова – «Үздік кәсіпорын-кадрлар даярлауға қатысушы» номинациясы бойынша I орын алды. «ҚТЖ ҰК» АҚ «магистральдық желінің Ақмола бөлімшесі» филиалының Көкшетау жол қашықтығының бас механигі Жорабек Ережепов «Өндірістегі үздік тәлімгер» номинациясында I орынды иеленді.
Екі жеңімпаз да «Атамекен» ҚР ҰКП жоғары наградасы — «Ісіне адалдығы үшін» медалімен марапатталды.

«Парыз» байқауында Ақмола компаниялары бірден үш жүлделі орынға ие болды. Ірі кәсіпорындар арасында «Үздік ұжымдық шарт» үшін «RG Processing» ЖШС атап өтілді. Шағын және орта бизнес арасында «Гормолзавод» ЖШС «Үздік әлеуметтік-жауапты кәсіпорын» және «Айбат» ЖШС «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» атанды.

«Жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтаймыз. Бұл жетістіктердің әрқайсысы бір реттік белсенділіктің нәтижесі емес, дамуға, өнім сапасын арттыруға және адами капиталға инвестиция салуға ұмтылған кәсіпорындардың жүйелі және дәйекті жұмысының нәтижесі. Өңірлік палата ұлттық байқауларға қатысу жолында бизнесті сүйемелдеп қана қоймайды, біз үнемі жетілдіру және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға көмектесеміз. Біз үшін кәсіпкерлердің қолдауды сезінуі және өсудің нақты мүмкіндіктерін көруі маңызды. Бұл наградалар - бірлескен жұмыстың тұрақты нәтижесінің дәлелі», - деп атап өтті Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174