Автоматтандырылған салмақ өлшеу станциялары: айыппұлдардың күрт өсуі, жүйелік ақаулар және әлеуметтік тәуекелдердің артуы
2025 жылдың 18 желтоқсанында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменовтың төрағалығымен өткен жиында ауыр жүк көліктерінің салмақ өлшемдерін автоматтандырылған өлшеу станциялары арқылы тіркеу мәселесі қаралды.
Елдегі автомобиль жолдарында 2013 жылдан бастап автокөліктердің рұқсат етілген габариттік және салмақтық өлшемдерін сақтау автоматтандырылған өлшеу станциялары арқылы бақыланып келеді. Бастапқыда бұл техникалық бақылау құралдары жол қауіпсіздігін арттыруға және автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған болатын. Алайда соңғы жылдары олар бірқатар жүйелік мәселенің туындауына себеп болды.
«2025 жылдың екінші жартысынан бастап құқықбұзушылықтарды анықтау толықтай автоматты режимге көшкеннен кейін, ауыр салмақты көліктердің рұқсат етілген салмақ өлшемдерін асыру фактілерінің саны күрт артқан», – деп атап өтті Жүк көлігі жүргізушілері мен иелерінің республикалық қауымдастығы өкілі А.Қ. Әлжанов.
2025 жылдың алғашқы он айында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 571-бабының 6-тармағы бойынша 13,7 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы құны 4,4 млрд теңге айыппұл салынған. Осындай қысқа мерзімнің ішінде бұл көрсеткіштің үш есе күрт өсуі бизнес қауымдастық арасында алаңдаушылық туғызып, бақылау әдістерінің дұрыстығына қатысты күмән туындады.
.jpg)
Жауапкершілікке тартылған тасымалдаушылар санының айтарлықтай артуының басты себебі – Ұлттық оператор «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен жергілікті атқарушы органдардың автоматтандырылған салмақ өлшеу станцияларының жұмысын реттейтін заңнама талаптарын жүйелі түрде орындамауы.
Атап айтқанда, өлшеу жабдығы орнатылған орынға дейінгі кемінде 100 метрлік арнайы жолақта міндетті бетон жабынының болмауы негізгі бұзушылықтардың бірі болып отыр. Бұл учаске жол төсемінің тиісті қаттылығын қамтамасыз етіп, өлшеу деректерінің бұрмалануына жол бермеуге тиіс. Алайда станциялардың басым бөлігі температуралық өзгерістер мен деформацияға бейім, беткі қабаты біркелкі емес асфальт жабынында жұмыс істеп тұр.
Осыған байланысты жабдықтар дұрыс емес көрсеткіштерді тіркеп, тасымалдаушылар бұрмаланған деректер негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Тіпті жеңіл автокөліктерге салмақ өлшемдерін асырғаны үшін айыппұл салынған жағдайлар да тіркелген, бұл станциялар жұмысындағы жүйелік ақауларды айқын көрсетеді.
Прокуратура органдарының жауапқа тартудың заңдылығына қатысты жүргізген тексерулері нәтижесінде көптеген құқықбұзушылықтар өлшеу кешендерінің жарамсыздығына және жұмыс аймағындағы жол жабынының бұзылуына байланысты болғаны расталды. Соның нәтижесінде бұрмаланған деректер негізінде қозғалған бірқатар әкімшілік іс қайта қаралған.
Бұдан бөлек, автоматтандырылған өлшеу станцияларының көрсеткіштерін автоматты түрде қолдану Салық кодексінің нормаларына қайшы келіп, ірі габаритті және ауыр салмақты көліктердің жүріп өткені үшін алынатын алымдардың бюджетке түсуін азайтты. Қазіргі тәжірибеде АӨЖ арқылы құқықбұзушылық анықталған жағдайда нақты жүріп өткен қашықтық үшін алым өндірілмейді, бұл мемлекеттік бюджет үшін едәуір шығындарға әкелуде.
«Заңмен белгіленген, техникалық тұрғыдан рұқсат етілген максималды массасы жалпы көліктер үшін белгіленген нормадан асатын самосвалдармен жүк тасымалдауға тыйым салу мәселесіне де қатысты бизнес айтарлықтай алаңдаушылық білдіріп отыр», – деп атап өтті Кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов.
(1).jpg)
Аталған тыйым 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді және қазірдің өзінде кәсіпкерлер мен кәсіби қауымдастық тарапынан наразылық туғызуда. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдерде мұндай тыйымдар жоқ, ал реттеу өзге де тетіктермен, шектеусіз құралдар арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстанда N3 санатындағы 155 мыңнан астам самосвал тіркелген. Бұл тыйым 100 мыңнан астам жүргізушінің табысына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар самосвалдардың импортын шектеу немесе олардың иелері мен пайдаланушылары үшін әлеуметтік қолдау тетіктерін ұсыну бағытында шаралар қабылдамаған.
Әкімшілік іс жүргізу, материалдарды рәсімдеу және қаулылар шығару процестері де сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттырып, әділ әкімшілік өндіріс қағидаттарына сай келмейді. Самосвалдарды пайдалануға шектеу енгізу әлеуметтік шиеленісті күшейтіп, тасымал және құрылыс салаларындағы кәсіпкерлердің қаржылық жағдайына кері әсер етуі мүмкін.
.jpg)
Осыған байланысты Кеңес жүйелік мәселелерді шешу үшін кешенді шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
Кеңес ұсыныстары:
Көлік министрлігіне:
- 571-бап бойынша құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын әзірлеу және әкімшілік жауапкершіліктің баламалы түрлерін, оның ішінде ескерту қолдану тәжірибесін кеңейту мүмкіндігін қарастыру;
- автоматтандырылған өлшеу станцияларының техникалық жай-күйіне ревизия жүргізу және жабдықтардың сертификатталуын тексеру;
- «Автомобиль көлігі туралы» Заңның 38-1-бабын қолдану және самосвал иелерінің мүддесін қорғау бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Бас прокуратураға:
- 571-баптың 6-тармағын қолдану тәжірибесін қорытындылап, талаптарға сай келмейтін станциялар негізінде шығарылған негізсіз шешімдерді қайта қарауды қамтамасыз ету.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға:
- қолданыстағы автоматтандырылған станцияларға тексеру жүргізу тапсырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша ұсыныстар мен материалдар Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратына жолданатын болады.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: