«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» ҰКП Қазақстандағы кәсіпкерліктің жай-күйі туралы Ұлттық баяндаманы ұсынды

2025 жылғы 30 Желтоқсан
1544 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2024-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлік белсенділіктің жай-күйі туралы Ұлттық баяндаманың негізгі қорытындыларын ұсынды. Құжатта макроэкономикалық үрдістерге, институционалдық кедергілерге терең талдау жасалып, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың түбегейлі жаңа тәсілдері ұсынылған.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ өсімі 5% мөлшерінде болды, ал Үкіметтің 2025 жылға арналған болжамы – 5,6%. Алайда халықаралық қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастық экономиканың болашағын барынша ұстамды бағалап, өсім 5%-дан төмен болады деп күтуде. Олар экономиканың мемлекеттік шығыстарға тәуелділігі сақталып отырғанын және жеке сектор тарапынан тұрақты өсім драйверлерінің жеткіліксіздігін атап өтеді.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 19,4 трлн теңгеге дейін ұлғайғанына қарамастан (2019 жылмен салыстырғанда +58%), инвестициялардың сапалық құрылымы нашарлауда. Бизнеске тиесілі меншікті қаражаттың үлесі 2020 жылғы 70-73%-дан 2024 жылы 64,5%-ға дейін төмендеді, ал өсімнің негізгі бөлігі бюджет және квазимемлекеттік көздер есебінен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, инвестициялардың ЖІӨ-дегі үлесі 17,4%-дан 14,3%-ға дейін қысқарды. 2024 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 28,5%-ға төмендеп, ұзақ уақыттан бері алғаш рет ТШИ-дің көрсеткіштері теріс мәнге ауысты.

Халықаралық рейтингтер де жүйелі институционалдық кедергілердің бар екенін растайды. Экономикалық еркіндік индексінде (Heritage Foundation, 2025) Қазақстан 68-орынды иеленді. Ең проблемалы бағыттар ретінде сот жүйесінің тиімділігі, меншік құқығын қорғау және инвестициялық еркіндік көрсетілген. Экономикалық күрделілік индексінде Қазақстан 89-орында тұр, бұл экономиканың шикізатқа бағытталғанын және экспорттың жоғары шоғырлануын көрсетеді.

Баяндамада институционалдық ортаға ерекше назар аударылған. Экономикада мемлекеттік кәсіпкерліктің 6 мыңнан астам субъектісі жұмыс істейді, ал нарықтардың шоғырлану деңгейі бірқатар салада аса жоғары: кей салаларда айналымның 90%-ы ең ірі 10 компанияның үлесіне тиесілі. Квазимемлекеттік сектор активтерінің ЖІӨ-дегі үлесі формалды түрде (~60%-ға дейін) төмендегенімен, оның нақты экономикалық ықпалы күшейіп отыр. Мемлекеттік сатып алулар саласында да ШОБ пен орта бизнес үшін айтарлықтай шектеулер сақталған, себебі келісімшарттардың едәуір бөлігі мемлекеттік сектор ішінде және бір көзден бөлінеді.

Ұлттық баяндамада бизнестің салық реформасына қатысты ұстанымы да көрсетілген. «Атамекен» ҰКП үш жыл бойы жаңа Салық кодексін әзірлеуге қатысып, инвестициялар мен ШОБ өсімін ынталандыруды сақтауға бағытталған баламалы көзқарасын ұсынды. Палата есебінше, бизнес ұсынған шаралар орта және ұзақ мерзімді перспективада салық базасын тарылтпай-ақ, бюджет кірістерінің салыстырмалы өсімін қамтамасыз етер еді, алайда бұл ұсыныстар Үкімет тарапынан қолдау таппады.

«Іскерлік ахуал» сауалнамаларының нәтижелері шағын бизнес үшін негізгі кедергілер ретінде салық жүктемесі, әкімшілік рәсімдер және жиі тексерулерді көрсетеді. Сонымен бірге кәсіпкерлердің 43%-ы «Атамекеннің» өңірлік палаталарын мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың ең тиімді арнасы деп санайды.

Баяндамада орта бизнестің экономиканы әртараптандырудағы негізгі драйвер ретіндегі рөлі атап өтіледі.

«Орта бизнес салалық бағыттарды қалай дамыту керектігін өзінің өндірістік, инвестициялық және экспорттық тәжірибесіне сүйене отырып нақты түсінеді. Бизнес қосылған құн тізбектеріндегі «тар жайттарды», инфрақұрылымға, өткізу нарықтарына және технологияларға қойылатын талаптарды айқын көреді. Осы тұрғыда салалық бизнес сараптамасын біріктіріп, оны институционалдық деңгейге көтере алатын және қосылған құнды өсіруге, жергілікті шикізатты өңдеуге әрі экспортқа бағытталған салалық даму бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыруда пайдалана алатын «Атамекен» ҰКП-ның әлеуеті негізгі ресурсқа айналады», – делінген баяндамада.

Сонымен қатар, орта бизнестің дамуын квазимемлекеттік сектордың үстемдігі, өткізу нарықтарына қолжетімділіктің шектеулілігі, инфрақұрылымдық шектеулер және кадр тапшылығы тежеп отыр. Бизнес салалық бағдарлар мен экспорттық әлеуетті жақсы түсінгенімен, қолданыстағы құралдар жергілікті шикізатты өңдеуді және технологияларды енгізуді жеткілікті деңгейде ынталандырмайды.

Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП салалық даму бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру бойынша салалық министрліктердің, «Бәйтерек» холдингінің және бизнес атынан ҰКП-ның ортақ жауапкершілік қағидатын нормативтік тұрғыда бекітуді, оның ішінде цифрлық құралдарды пайдалануды ұсынады.

Баяндаманың жеке бөлімі кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастыруға арналған. Негізгі бастамалар қатарында Atameken AI платформасын eGovBusiness-пен интеграциялау, кәсіпкерлік субъектілерінің титулдық тізілімін енгізу және Бизнестің цифрлық картасын басқарушылық құрал ретінде пайдалану бар.

Баяндаманың түйінді қорытындысы: экономикалық өсімнің қазіргі моделінде жеке сектордың инвестициялық белсенділігі шектеулі күйінде қалып отыр, ал институционалдық кедергілер жүйелі сипатқа ие. Негізгі міндет – мемлекет пен бизнестің күш-жігерін «Атамекен» ҰКП-дағы кәсіпкерлік сараптаманың әлеуетіне сүйене отырып, заманауи цифрлық басқару құралдарымен бекітілген, қосылған құнның тұрақты өсіміне және экономиканы әртараптандыруға бағытталған күш-жігерді біріктіру.

Ұлттық баяндаманың толық мәтінімен сілтеме бойынша танысуға болады: Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерліктің жай-күйі туралы баяндама.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174