«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекен» ҰКП ескертеді: «әдемі» шай денсаулыққа қауіп төндіреді

2026 жылғы 08 Қаңтар
1136 просмотров

Ұлттық палата сарапшылары тұтынушыларға өнімнің таңбалануына назар аударуды ұсынады.

Шайдың қоюлығы мен ерекше дәмін іздеген қазақстандық тұтынушылар көп жағдайда алдаудың құрбаны болуда. Танымал брендтердің шайларынан тыйым салынған синтетикалық бояғыштар табылып жатыр. Бұл өнімдер «сұр» сертификаттардың көмегімен жылдар бойы сапалы тауар ретінде сатылып келген.

Қазақстан үшін шай – жай ғана сусын емес, ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Бұл ретте жосықсыз өндірушілер халықтың дәстүрі мен әдеттерін өз пайдасына қолдануда. Халық арасында «егер шай демделген бойда қою қызыл немесе қоңыр түс берсе, демек ол табиғи нағыз әрі дәмі қанық шай» деген жаңсақ түсінік қалыптасқан. Бұл қасиетті, әсіресе сүт қосқанда түсінің қанықтығын жоғалтпайтын шайды ұнататындар жоғары бағалайды.

«Атамекен» ҰКП Техникалық реттеу департаментінің басқарушы директоры Ерік Жалманбетовтің айтуынша, көптеген тұтынушылар судың лезде қою қызыл түске боялуын элиталық сұрыптың белгісі деп қателеседі. Алайда, ЕАЭО техникалық регламенттеріне сәйкес, шай өндірісінде кез келген бояғышты қолдануға қатаң тыйым салынған. Жосықсыз өндірушілер төмен сұрыпты шикізат пен шай шаңын жасыру үшін химиялық қоспаларды пайдаланады.

«Шай — табиғи құрамы жеткілікті өнім. Оның табиғи болмысына кез келген араласу денсаулық үшін қауіп төндіреді», — деп атап өтті сарапшы.

Аталмыш мәселе отандық өндірушілердің «Атамекен» ҰКП-ға бірнеше мәрте шағымдануынан кейін жария болды. Ереже бойынша жұмыс істейтін жергілікті бизнес арзан боялған суррогат өнімдерді импорттаушылармен салыстырғанда тиімсіз жағдайда қалып отыр.

2022-2023 жылдары Ұлттық палата Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетімен (СЭБК) бірлесіп тексерулер бастады. Нәтижелер көңіл көншітпейді. Сол кездің өзінде сатып алушыларға жақсы таныс бірнеше сауда белгілері күдікке ілініп, санкцияға ұшырады:

  • «Эмир» Premium Gold (Пәкістан түйіршіктелген шайы);
  • «Апамның шайы» Premium Gold (Пәкістан түйіршіктелген шайы);
  • Al-Hayat Gold (өндіруші – Empire KENIY E.P.Z. Limited, Алматы облысы).

Техникалық регламенттерді бұзғаны үшін жеткізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 415-бабы бойынша әкімшілік істер қозғалды. Алайда, айыппұлдар — мәселенің бергі жағы ғана.

«Ұзақ» декларациялар тұзағы

«Атамекен» ҰКП қойып отырған басты сауал: қауіпті өнім шекарадан қалай өтіп, супермаркет сөрелеріне түсуде? Жауап сәйкестікті бағалау жүйесінде жатыр.

«Бізде осы брендтерге құжат берген сәйкестікті растау органдарына (СРО) қатысты үлкен сұрақтар бар. Не зертханаға сынақ үшін бір «таза» үлгі әкелінеді де, кейін мүлдем басқа өнім сатылады, не зертханалық сынақтар салғырт жүргізіледі. Неліктен санитарлық дәрігер тапқан бояғышты сарапшылар көрмейді?» — дейді ҰКП өкілдері.

Жағдайды бюрократия қиындата түсуде. Көп жағдайда мемлекеттік органдар тауар партиясын сатуға уақытша тыйым салады, бірақ осы брендке берілген сәйкестік декларациясы өз күшін жоймайды. Ал, ол бес жылға дейінгі мерзімге беріледі.

«Тыйым салу туралы қаулы — уақытша шара. Егер декларацияның өзі заңбұзушылықпен берілсе, тыйым мерзімі өткен соң, кәсіпкер сол тауарды қайтадан таси бастайды. Біз мұндай құжаттардың күшін толық жоюды талап етеміз. Егер шайда химия бар екені дәлелденсе, декларация біржола кері қайтарылуға тиіс», — деп түйіндеді Ерік Жалманбетов.

«Химияны» қалай сатып алмауға болады?

Мемлекеттік органдар мен ҰКП қағазбастылықпен және жосықсыз зертханалармен күресіп жатқанда, тұтынушыларға сақ болу ұсынылады.

Қарапайым тест: сапалы қара шай біртіндеп, 3-5 минут ішінде түсін береді. Егер құрғақ түйіршіктер тіпті суық суды лезде бояп жіберсе, бұл өнімде қоспалардың бар екеніне сенімді болуға болады.

«Атамекен» ҰКП тұтынушыларға өнімнің таңбалануына мұқият қарауды және әдемі түстің астарында денсаулыққа қауіпті өнім болуы мүмкін екенін ұмытпауды ескертеді.

Бүгінде негізінен Алматы облысы мен Астана қаласындағы компаниялар өндіретін танымал қара түйіршіктелген шай маркаларына тыйым салынды:

«Апамның шәйі Premium gold» және «Аль-Кайрат шәйі Premium gold» (буып-түюші – «Orda Trade Astana» ЖШС, Қаскелең қ.);

  • Al-Hayat Gold (өндіруші – Empire KENIYE.P.Z. Limited, Алматы облысы);
  • «БАЛҚИЯ Premium gold» («Әл-Хадия» ЖК, Алматы қ.);
  • Pakistan tea және Sultan Suleyman («Real Trade Astana» ЖШС, Астана қ.);
  • Al-Jannat Premium («Ferdaus» ЖК, Алматы қ.);
  • Аје Onim («Орда Чай» ЖК, «Кальций» ЖШС тапсырысымен);
  • «Орда Кения» («Orda Trade Astana» ЖШС);
  • Alfarah (өндірушісі көрсетілмеген марка).

2026 жылдың 5 қаңтарындағы құжатқа сәйкес, тыйым туралы ақпарат Еуразиялық экономикалық комиссияға және ЕАЭО мүше-мемлекеттерінің уәкілетті органдарына жіберілді. Бұған дейін ЕЭК қазақстандық тарапқа одақ нарықтарында жергілікті өндірушілердің фальсификацияланған шайлары бар екенін хабарлаған болатын.

СЭБК қаулысымен аталған өнімдер сауда желілерінен дереу алынуға тиіс. Құжат қол қойылған сәттен бастап күшіне енді.

Қазақстандықтарға шай сатып алу кезінде қырағылық танытып, қаптамадағы мәліметтерді тыйым салынған тауарлар тізімімен салыстыру ұсынылады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174