«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Ақтөбе» АЭА бизнеске жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырды

2026 жылғы 27 Қаңтар
- Ақтөбе облысы
738 просмотров

«Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық әлеуеті Ақтөбе облысының кәсіпкерлеріне таныстырылды. Кездесуде бизнес өкілдеріне жобаларды іске асыру шарттары, салықтық және кедендік жеңілдіктер, басым бағыттар, мемлекеттік қолдау шаралары және инвесторларды барлық кезеңде сүйемелдеу туралы айтылды.

Іс-шараға «Ақтөбе» АЭА Басқарушы компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының м.а. Мақсат Айтымбетов, Ақтөбе облысы прокурорының инвестициялық жобалар жөніндегі аға көмекшісі Жұмағали Рысалдинов, Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов, Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов және «Даму» КДҚ филиалы директорының орынбасары Аягүл Рамазанова қатысты.

Облыс прокурорының аға көмекшісі Жұмағали Рысалдинов бизнесті қорғау саласының мемлекеттік басымдығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы мен Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес кәсіпкерлікті қолдау және инвесторлар құқықтарын қорғау – басым бағыт. Президент Жарлығымен Инвесторлар құқықтарын қорғау комитеті құрылды, ал инвестициялық омбудсмен функциялары Бас прокурорға жүктелді».

 

Ол жаңа жұмыс форматы нақты нәтижелер бергенін жеткізді:— «Прокуратураның Ашық есік күндері, индустриялық аймақта және “Атамекен” Кәсіпкерлер палатасында 300-ден астам кәсіпкердің қатысуымен өткен кездесулер барысында бизнестегі жүйелі мәселелер анықталды. “Бір терезе” қағидаты бойынша жедел әрекет ету үшін прокуратураның фронт-офисі мен байланыс орталығы жұмыс істейді, бизнесті қорғау бойынша мобильді топтар тәулік бойы қызмет атқарады. Бас прокуратура цифрлық қадағалаудың ақпараттық жүйесін енгізді, бұл өтініштердің ашық есебін қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда 45 кейс шешіліп, 56 инвестордың құқығы қорғалды. Палатамен, әкімдікпен және мемлекеттік органдармен бизнес кездесулері ай сайын облыс орталығында да, аудандарда да өткізіледі», — деді прокуратура өкілі.

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов облыстың тұрақты ұстанымдарын атап өтті.

«Ақтөбе облысы – өнеркәсібі, логистикасы дамыған, ШОБ белсенді елдің қуатты индустриялық және инвестициялық өңірлерінің бірі. Дәл осы өнеркәсіп пен өңдеу саласы жұмыс орындарын ашып, қосылған құн қалыптастырып, экспорттық мүмкіндіктерді арттырады».

Ол нақты деректерді де келтірді: инвесторлардың өңірге қызығушылығы артып келеді. 2025 жылы негізгі капиталға 1,2 трлн теңгеден астам инвестиция салынды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 32%-ға көп. Негізгі инвестициялар өндіру, өңдеу, энергетика және инфрақұрылым салаларына бағытталған. Инвестициялардың басым бөлігі бизнес тарапынан жеке қаражат есебінен жүзеге асқан, бұл өңір экономикасына деген сенімді көрсетеді.

Дидар Боранқұловтың айтуынша, АЭА өңір дамуының негізгі құралдарының біріне айналуда.

— «Осы жағдайда “Ақтөбе” АЭА инвестиция тарту мен шикізаттық емес секторды дамытуда маңызды механизм болып отыр. Ол преференциялар, дайын инфрақұрылым және жобаларды сүйемелдеуді ұсынады. Кәсіпкерлер палатасы прокуратурамен бірлесіп, бизнес құқықтарын қорғау мен инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді жалғастыруда».

«Даму» қоры филиалы директорының орынбасары Аягүл Рамазанова қаржылық қолдау құралдарын таныстырды: жеңілдетілген несиелеу, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және қарыздарға кепілдік беру мүмкіндіктері.

Аймақ параметрлері туралы Мақсат Айтымбетов баяндады. Арнайы экономикалық аймақ Ақтөбе қаласының оңтүстік бөлігінде орналасқан, аумағы 858 гектарды құрайды, оның 571 гектары — өнеркәсіптік аймақ. АЭА 29 басым бағыт бойынша заманауи өндірістер мен логистиканы дамытуға, отандық және шетелдік инвесторларды тартуға, өндірістік кластерлер қалыптастыруға бағытталған.

«Қатысушыларға салықтық және кедендік жеңілдіктер, жер телімдерін тегін беру, дайын инженерлік инфрақұрылым және жеңілдетілген әкімшілік рәсімдер ұсынылады. Жеңілдіктер 2049 жылға дейін қолданылады. 1 млн АЕК-тен асатын жобалар үшін шетелдік жұмыс күшін квотадан тыс тартуға рұқсат етіледі. АЭА дамуы жаңа кәсіпорындар ашуға, өндірісті ұлғайтуға, импортты алмастыруға және машина жасау, химия, металлургия, құрылыс материалдары салаларында экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған», — деді ол.

Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов өңірдің стратегиялық міндеті – инвестиция тарту екенін атап өтті. Бұл бағытта Үкімет пен әкімдік тарапынан кешенді жұмыс жүргізілуде.

Сондай-ақ ол бастама көтерді.

— «Бизнесті қолдау құралдарын, оның ішінде “Даму” қоры бағдарламаларын толық жеткізудің маңыздылығын ескере отырып, Кәсіпкерлер палатасына “Атамекен” алаңында оларды жан-жақты түсіндіруге арналған қосымша іс-шара ұйымдастыруды ұсынамын», деді.

Бизнес-кездесу кәсіпкерлер, даму институттары және мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогтың кезекті тиімді алаңына айналып, өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, жаңа өндірістер ашу және іскерлік белсенділікті арттыру бағытындағы жүйелі жұмысты тағы бір мәрте растады. Кәсіпкерлерге жеке консультациялар алу мүмкіндігі берілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174