«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шымкент қаласының әкімі кәсіпкерлермен еркін кездесу өткізді

2024 жылғы 13 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
3078 просмотров

Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және өңір кәсіпкерлерінің кездесуі өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасы «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеко, Өңірлік кеңес мүшелері, құзырлы-бақылау органдары мен аумақтық департаменттердің, Кәсіпкерлер палатасының басшылары мен бизнес өкілдері қатысты. Кездесуде үшінші мегаполистегі кәсіпкерлерліктің дамуына қатысты мәселелер көтеріліп, шешілу жолдары талқыланды.

Жиынды Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Қайрат Молдасейітов ашып, жүргізіп отырды.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков үшінші мегаполисте кәсіпкерліктің даму әлеуеті жақсы екеніне тоқталды. Қалада 132 мыңнан астам ШОБ субъектісі тіркелген, жаңа индустриалды аймақтар құру және «Жұлдыз» индустриалды аймағына теміржол желісін тарту жұмыстары жүргізілуде.

«Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық экономиканы дамытудың кепілі. Елімізде бүгінгі таңда кәсіпкерліктің дамуына, оның ішінде шағын және орта бизнестің дамуына барлық жағдай жасалып отыр. Біз, жергілікті атқарушы билік тарапынан қала экономикасын дамыту үшін маңызды, бәсекеге қабілетті жобаларды қолдауға бар ықпалымызды саламыз. Жеке секторды қолдап, әріптестік әрекетті дамытуға әзірміз. Осындай кездесу барысында еркін пікір алмасудың да маңызы зор», – деді қала әкімі.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков іскерлік климатты жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту бағытында жергілікті атқарушы органдармен бірге жұмыс істеудің маңызына тоқталып өтті.

«Шымкент қаласының әкімдігі мен «Атамекен» ҰКП арасындағы тығыз байланыс орнаған. Бұл тұрғыда кәсіпкерлерге ашық қарым-қатынас орнатқан қала әкіміне және оның командасына алғыс айтқым келеді. Бірлескен жұмыстардың нәтижесі ретінде ҚР Бас прокуратурасы, Шымкент әкімдігі мен «Атамекен» ҰКП арасында бірлеске интерактивті инвесткарта еліміз бойынша алғаш рет Шымкент қаласында іске қосылғанын атап өтуге болады. Оған қоса бөлшек салық мөлшерлемесінің 4 пайыздан 2 пайызға төмендеуі де шымкенттік кәсіпкерлерге қолдау болды. Осындай нәтижесі жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенім мол», – деді Тимур Нақыпбеков.

Шымкент қаласының әкімі қаладағы кәсіпкерліктің дамуына тоқталып, инвесторларға жағдай жасау жұмыстары жалғаса беретінін жеткізді.

Кездесуде кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қала әкімінің жауабын алды. Мысалы, білім беру саласында мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарындағы ата-аналар ақысы және колледжер түлектерін жұмысқа орналастыру, несие сияқысы мөлшерлемесіне «Даму» қоры тарапынан субсидия төлеуді қамтамасыз ету, құрылыс компанияларының ЖСҚ құрамына ақылы жолдарға кететін шығыстарды қосу сияқты мәселелерін қарау, отандық тауарларды қолдау шаралары сияқты сұрақтар көтерілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлер Шымқала тарихи-мәдени кешенін жаңғыртуға қатысты, индустриялық аймақтарда кәсіпкерлер аллеясын құру бойынша ұсыныстарын да жеткізді.

Қала әкімі әр сұрақты мұқият тыңдап, барынша жауап берді және қала мен бизнестің бірге дамуына қолдау көрсетуге дайындық білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер