ШҚО-да экономиканы дамыту Жол картасы әзірленуде: бизнес не дейді
Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында Өскемен кәсіпкерлері арасында жүргізілген онлайн-сауалнаманың алдын ала нәтижелері талқыланды.
Зерттеу облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен басталып, 2030 жылға дейінгі өңірдің экономикалық даму Жол картасын әзірлеу аясында Зерттеу және консалтинг орталығы жүзеге асыруда.
Тәуелсіз консалтингтік компания өкілі Ильяс Тілеубергеновтың айтуынша, зерттеу нәтижелері кәсіпкерлердің бірқатар жүйелі мәселелерге тап болып отырғанын көрсетті. Олардың ішінде - автожолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы, мемлекеттік гранттар мен субсидиялардың қолжетімсіздігі, білікті кадрлардың тапшылығы және жер ресурстарына шектеулі қолжетімділік бар.
«Біз күн сайын мамандардың жетіспеушілігін сезінеміз. Кадрларды даярлау әрқашан бизнес қажеттіліктеріне сай келмейді. Бізге тек теорияны білетін емес, бірден жұмысқа кірісетін тәжірибелі мамандар қажет», -деді пікірталасқа қатысқан өндірістік компанияның басшысы.
«Мемлекеттік қолдау бағдарламалары болғанымен, оларға қол жеткізу тым күрделі. Құжаттарға қойылатын талаптар мен несиелеу шарттары шағын бизнес үшін ауыр», - деп қосты кәсіпкерлер.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының экономика жөніндегі директордың орынбасары Сәкен Абдуллин ашық диалогтың және бизнес пікірлерін шынайы ескерудің маңыздылығын атап өтті.
«Бұл сауалнама - формалдық емес, кәсіпкерлерді тыңдауға және нақты мәселелерді айқындауға мүмкіндік беретін құрал. Бизнес ұсыныстарын жинақтап, жүйелеу қажет, олар практикалық шешімдердің негізіне айналуы тиіс. Маңыздысы - тек проблемаларды есту емес, оларды жою тетіктерін ұсыну. Әзірленетін Жол картасы өңірдің бизнес-ортасында нақты өзгерістер әкелетін құралға айналады», - деді Сәкен Абдуллин.
Қиындықтарға қарамастан, сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің көпшілігі даму жоспарларын жеткізді: қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейту және жаңа бағыттарды іске қосу.
Кездесуде айтылған барлық ұсыныстар талданып, жүйеленіп, 2030 жылға дейінгі Шығыс Қазақстан облысының экономикалық даму Жол картасына енгізілмек.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: