«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қарағандылық құрылыс кеңесі: бизнес ұсыныстарынан нақты реформаларға дейін

2025 жылғы 10 Қыркүйек
- Қарағанды облысы
242 просмотров

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында құрылыс саласын жаңғырту және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту бағытын айқындады. Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Құрылыс, ТКШ және энергетика кеңесі бірнеше жылдан бері осы үдерістің белсенді қатысушысы болып, заңнамада және саланың тәжірибесінде көрініс тапқан жүйелі ұсыныстарды әзірлеп жатыр.

«АСПАП» ӨК төрағасы, Құрылыс, ТКШ және энергетика кеңесінің төрағасы Төлеген Ашимовтың айтуынша, саладағы көптеген маңызды өзгерістер бизнес ұсыныстарының нәтижесінде іске асырылған.

«Біз құрылыс лицензияларын үш санатқа бөлуді және техникалық қадағалау инженерлерінің жеке жауапкершілігін енгізуді ұсындық. Бұл шаралар сапаны бақылауды күшейтіп, кәсіби стандарттарды арттырды. Сондай-ақ зейнетақы жинақтарын бастапқы ипотекалық жарна ретінде пайдалану идеясы құрылыс нарығына ерекше серпін берді», – деді Төлеген Мұқатайұлы.

2025 жылы Қазақстан тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша еуропалық деңгейге жетіп, адам басына шаққанда жылына шамамен бір шаршы метр көлемін қамтамасыз етті. Дегенмен, сарапшының айтуынша, саланың алдында әлі де ауқымды міндеттер тұр.

«Басты мақсат – адам басына шаққанда жылына екі шаршы метр тұрғын үй салу. Ол үшін коммуналдық инфрақұрылымды жетілдіріп, ТКШ-ны жаңғырту қажет», – деп атап өтті Т. Ашимов.

Кеңес кәріз коллекторларын реконструкциялау, тәуелсіз жылыту жүйелерін дамыту, жоғары кернеулі желілерді кеңейту және шығындарды азайту үшін заманауи трансформаторларды енгізуді қолдайды.

Маңызды бағыттардың бірі – барлық қызмет түріне есептеу жүйелерін енгізу.

«Біз не үшін төлейтінімізді нақты білуіміз керек. Есептегіш құралдар – бұл тек шығындарды бақылау құралы емес, әділ тариф қалыптастырудың да тетігі», – деді спикер.

Құрылыс кеңесі саланы кәсіби қауымдастықтар негізгі рөл атқаратын өзін-өзі реттеу және өзін-өзі басқару жүйесіне көшіруді қолдайды, ал мемлекеттік бақылау функциялары нысаналы әрі ашық болуға тиіс.

Жаңа Құрылыс кодексін әзірлеу бытыраңқы нормаларды біріктіріп, түсінікті ережелерді қалыптастыруға және саланы дамыту құралына айналуға бағытталған. Дегенмен, бизнес артық реттеу, лицензиялау рәсімдерінің күрделенуі және жеке сараптамалар санын азайту қаупіне назар аударып отыр.

«Бүгін бізде саланың ондаған жылдарға стратегиялық бағытын айқындайтын құжат әзірлеу мүмкіндігі бар. Ең бастысы – сала мамандарының пікірін ескеріп, Кодексті бизнеске түсінікті ету», – деп түйіндеді құрылысшы.

Құрылыс, ТКШ және энергетика кеңесі – бизнестің идеялары заңдарға айналып, саланы өзгертудің жарқын үлгісі. Президент қойған ауқымды міндеттер аясында инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық шешімдерді енгізу және құрылыс нарығының сапалы өсуін қамтамасыз ету тек мемлекет пен кәсіби қауымдастықтың бірлескен жұмысы арқылы мүмкін болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174