«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбеде маңдайша стандарттарын реттеу және отандық тауарларды ілгерілету мәселелері талқыланды

2025 жылғы 14 Қараша
- Ақтөбе облысы
292 просмотров

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында Сауда және қызмет көрсету жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Талқылауға мемлекеттік органдардың өкілдері, сауда желілерінің басшылары және кеңес мүшелері қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – маңдайшалар мен сыртқы жарнаманы стандарттау болды. Ақтөбе қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысының орынбасары Бейбарыс Сериков қаланың сәулеттік келбетін сақтау және қоғамдық кеңістіктердің визуалды мәдениетін арттыру – қала саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол басқа қалалардың тәжірибесін ескере отырып әзірленген «Маңдайшаларды орналастыру және рәсімдеу қағидалары» жобасын таныстырды.

Кәсіпкерлер визуалды ортаны реттеу идеясын жалпы қолдағанымен, маңдайшаларды ауыстыру айтарлықтай қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін екенін айтты.

«Қалалық дизайн-кодты әзірлеу кезінде бизнестің ерекшеліктерін ескеріп, кәсіпкерлерге бейімделу үшін жеткілікті уақыт беру маңызды. Сондай-ақ ескі маңдайшалар жаңа талаптарға сай келмеген жағдайда айыппұл салуды уақытша тоқтата тұру қажет», — деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Владимир Сухорученко.

Кеңеске қатысушылар жобаны кеңінен талқылау үшін оны ресми ресурстарда жариялап, қоғам талқысына шығаруды ұсынды.

Екінші мәселе – ішкі сауда қағидаларының отандық тауарларды орналастыруға қатысты талаптарын орындау болды. Ақтөбе облысы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Бағжан Тлегенов ішкі сауда қағидаларының 49-бабына сәйкес, барлық санаттағы сауда объектілерінде сауда алаңының кемінде 30 пайызы отандық азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға бөлінуі тиіс екенін еске салды. Бұл талап қазақстандық өндірушілерді қолдауға бағытталған. Сондай-ақ, департамент азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері бойынша тексерістер жүргізетінін және бұзушылықтар анықталған жағдайда нұсқама берілетінін айтты. Егер талаптар орындалмаса, кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты 100-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған.

Кәсіпкерлер өз пікірлерін білдіріп, отандық өнімді орналастыру талаптарын орындау тетіктерін кеңінен талқылау үшін қосымша дөңгелек үстел өткізуді ұсынды.

Ал бірінші мәселе бойынша Кәсіпкерлер палатасы қағида жобасына қатысты бизнес ұсыныстарын жинап, оларды Ақтөбе қаласының сәулет және қала құрылысы бөліміне жолдайтын болды. Сондай-ақ, құжатты қоғамдық талқылауға шығару мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174