«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Түркістан облысында Мәжіліс депутаты кәсіпкерлермен кездесті

2025 жылғы 18 Қыркүйек
- Түркістан облысы
128 просмотров

Бүгін Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айтуар Асқарұлы Қошмамбетов өңір кәсіпкерлерімен кездесті. Жиынға онлайн және офлайн форматта қатысқан бизнес өкілдері өзекті мәселелерін ортаға салып, шешу жолдарын талқылады.

Алғашқы болып сөз алған «Бейбарс-Б» ЖШС директоры Мұрат Талман асколизация және тері экспорты мал терісін экспорттау кезіндегі артық шығындарға назар аударды. Әр теріге асколизация үшін төленетін ақы экспорт көлемінде миллиондаған теңгеге дейін жетеді. Бұл қосымша шығындар шетелдік сатып алушыларды да шошытып, экспорттың дамуына кедергі келтіруде.

Экологиялық талаптар
«Bah Asmar» ЖШС директоры Ерлан Ермекұлы Исаев жиһаз өндірісі саласында «Жасыл даму» АҚ тарапынан туындаған мәселені айтты. Оның айтуынша, компания нақты қызмет көрсетілмесе де, төлем төлеуге мәжбүрленіп отыр. Бұл жағдай кәсіпкерлер арасында заңның әділдігіне күмән тудырып, Экологиялық кодекске өзгерістер енгізуді қажет етеді.

 

Сертификаттау жүйесі
Жеке кәсіпкер Есен Курбанбаев индустриялық сертификат алу кезінде кәсіпкерлерге шамадан тыс шығын түсетінін жеткізді. Әр өнім түріне бөлек сараптама жасатудың орнына кәсіпорын шығарған тауарларды жиынтық түрде бағалау жүйесін енгізуді ұсынды.

Субсидиялау шарттары
«Жалғасбаев» ЖК өкілі Оразхан Малибек экспорттаушылар үшін субсидиялау кезінде СТ-KZ және индустриялық сертификаттарды міндетті талап ретінде қою бизнестің қолдау алу мүмкіндігін шектеп отырғанын атап өтті. Оның орнына сәйкестік декларациясын негізгі құжат ретінде қарастыру ұсынылды.

Сарыағаш шипажайлары мәселесі
Құрылыс саласы және ТКШ қауымдастығының төрағасы Н.Р. Төлендиев Сарыағаш курорттық аймағындағы канализациялық инфрақұрылымның апатты жағдайда екенін айтты. Бұл мәселе шешілмесе, ондаған шипажай жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Ол республикалық бюджеттен қаражат бөлу және кешенді мемлекеттік бағдарламаға енгізу қажеттігін көтерді.

Жиын соңында депутат Айтуар Асқарұлы кәсіпкерлердің ұсыныстары мен мәселелерін назарға алатынын, оларды тиісті мемлекеттік органдарға жеткізіп, шешімін табуға ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ, кәсіпорындарға барып, өндіріс барысымен және кәсіпкерлердің нақты проблемаларымен танысты.


 Палата директоры Асылан Ибадуллаев:
«Кәсіпкерлеріміздің әрбір көтерген мәселесі – өңір экономикасының дамуы үшін маңызды. Бұл ұсыныстарды мемлекеттік органдарға жеткізіп, шешімін табуға бар күшімізді саламыз».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174